Ғылым мен кәсіподақтар тұрақты дамуға және білім беру саласы қызметкерлерінің мүдделерін қорғауға қалай үлес қоса алады? Бұл мәселелер Торайғыров университетінде өткен «Ғылым және кәсіподақ: тұрақты даму жолындағы әріптестік» атты диалог алаңында талқыланды.

 

Кездесуге БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагчи, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегациясы, Павлодар облысындағы кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ TOU оқытушылары мен студенттері қатысты. Диалог алаңына университеттің Басқарма төрағасы – ректор Нұрлан Медетов модераторлық етті.

 

Қатысушылар жоғары білім беру жүйесіндегі кәсіподақ қозғалысының рөлін, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелерін және ғылым мен қоғамдық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты дамытудың перспективаларын талқылады. TOU Жастар кеңесінің төрағасы Азат Садыққалиев «Жоғары білім берудегі кәсіподақ қозғалысының теориясы мен тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады.

 

Орталық Азияның экологиялық мәселелеріне де ерекше назар аударылды. «Агротехнология» кафедрасының аға оқытушысы Татьяна Вахламова дала аймақтарындағы шөлейттену және жайылымдардың тозуы мәселелері туралы баяндады.

 

Сапар аясында қонақтар университеттің ғылыми инфрақұрылымымен танысып, ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінің зертханасы мен AI Laboratory зертханасын аралады.

 

Кездесу ғылым, әлеуметтік жауапкершілік және тұрақты даму салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылауға, сондай-ақ сарапшылар арасында пікір алмасуға мүмкіндік берді.