Экономика саласында бүгінгі таңда қандай құқық бұзушылықтар тергеледі? Мемлекеттік қызметке қалай орналасуға болады? Жас мамандарды қандай мүмкіндіктер күтеді? Осы және басқа да сұрақтарға Торайғыров университетінің студенттері Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бахытжан Абулхаировпен кездесуде жауап алды.

 

Кездесуді Торайғыров университетінің Карьералық даму бөлімі ұйымдастырды. Оған «Құқықтану», «Экономика», «Қаржы», Computer Science және «Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламаларының 3–4 курсында оқитын 100-ге жуық студент қатысты.

 

Ведомство өкілдері Департамент қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып, оның ішінде қаржылық пирамидаларға, көлеңкелі экономикаға, жалған ақша жасаумен және қаржы саласындағы киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл мәселелеріне тоқталды.

 

Студенттер мен жас мамандарға арналған мүмкіндіктерге де ерекше назар аударылды. Кездесуге қатысушыларға қызметке орналасу талаптары, кәсіби практикадан өту мүмкіндіктері, мансаптық өсу перспективалары, еңбекақы деңгейі және қызметкерлерге берілетін әлеуметтік кепілдіктер түсіндірілді.

 

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер белсенді түрде сұрақ қойып, экономикалық бағыттағы құқық қорғау органдарындағы қызметтің ерекшеліктері туралы тікелей ақпарат алды.

 

Мұндай кездесулер студенттерге болашақ мамандығының қыр-сырын тереңірек түсінуге, сондай-ақ университетте алған білімдерін тәжірибеде қолданудың нақты мүмкіндіктерін көруге жол ашады.