Басқарма төрағасы – ректор Нұрлан Медетов бастаған Торайғыров университетінің делегациясы жұмыс сапарымен Баку славян университетіне барды.

 

Сапар аясында Баку славян университетінің ректоры Анар Нагиевпен және университет өкілдерімен кездесу өтті. Кездесу барысында екі жоғары оқу орны арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудың перспективалы бағыттары талқыланды.

 

Атап айтқанда, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің академиялық ұтқырлығын дамыту, бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ университеттер арасындағы әріптестік байланысты одан әрі нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

 

Сапар барысында ректор Нұрлан Медетов қазіргі уақытта академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Баку славян университетінде білім алып жатқан TOU студенттерімен кездесті. Студенттер оқу барысындағы әсерлерімен бөлісіп, алған тәжірибелері туралы айтып берді.

 

Жұмыс сапары Торайғыров университетінің халықаралық байланыстарын нығайтып, жаңа мүмкіндіктерді кеңейту жолындағы маңызды қадам болды. Тараптар білім сапасын арттыруға, академиялық алмасуларды дамытуға және халықаралық білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.