Білім алушылар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру және цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне назар аудару мақсатында «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында профилактикалық кездесу ұйымдастырылды.



Кездесуге Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Азамат Аскаров қатысып, білім алушыларға «Жасанды интеллекттің қараңғы жағы» тақырыбында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.



Іс-шара барысында жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалану, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлер, кибералаяқтықтың заманауи түрлері, жеке мәліметтерді қорғау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері кеңінен қозғалды.



Кездесу барысында білім алушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, маманнан нақты жауаптар алды.



Мұндай профилактикалық іс-шаралар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын арттыруға және қоғамдағы заңдылық пен тәртіп қағидаттарын нығайтуға бағытталған.