Алматы қаласында білім беру саласында жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелеріне арналған OpenAI ChatGPT Edu семинары өтті. Аталған іс-шараға Торайғыров университетінің атынан Бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу бөлімінің цифрлық офицері Аида Жиенбаева қатысты.

 

 

Семинар барысында OpenAI өкілдері білім беру үдерісінде жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдаланудың заманауи тәсілдерін таныстырып, олардың мүмкіндіктерін көрсетті. Сонымен қатар жоғары оқу орындарының қызметіне инновациялық шешімдерді енгізудің халықаралық тәжірибесі ұсынылып, цифрлық құзыреттерді дамыту мен университеттерді технологиялық трансформациялау бағытындағы қолдау тетіктері талқыланды.

 

 

Іс-шара аясында білім беру ұйымдары мен бизнес қауымдастығы өкілдері арасында тәжірибе алмасу алаңы қалыптасты. AI Leaders бағдарламасының қатысушылары өз ұйымдарында жасанды интеллект технологияларын енгізу нәтижелерімен бөлісіп, олардың практикалық тиімділігін нақты мысалдар арқылы көрсетті.

 

 

Семинарға қатысу университет өкілдеріне жасанды интеллекттің даму үрдістерімен танысуға, оны білім беру кеңістігінде қолданудың өзекті бағыттарын зерделеуге және цифрлық бастамаларды одан әрі жетілдірудің жаңа мүмкіндіктерін айқындауға мүмкіндік берді.