Жастар – кез келген мемлекеттің болашағы мен қозғаушы күші. Осы тұрғыда ұйымдастырылған «Конституция және жастар: ашық диалог» алаңы қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға, жастардың рөлін айқындауға және олардың әлеуетін арттыру жолдарын қарастыруға бағытталды.
 
 
Іс-шараның ашылуында сөз Жастар саясаты және әлеуметтік қызмет жөніндегі басқарма мүшесі, проректор Оралканова Индира Адылкановаға берілді. Ол өз сөзінде жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың азаматтық белсенділігін дамыту және Конституциялық құндылықтарды құрметтеудің маңыздылығына тоқталды.
 
 
Алаң барысында тәжірибелі спикерлер өз ойларымен бөлісті. Саяси ғылымдарының кандидаты, доцент, Философия және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының оқытушысы Ельмуратов Ғани Жұмабаевич қазіргі қоғамдағы жастардың саяси мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігі туралы сөз қозғады. Ал PhD докторы, «Философия және әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Серикбаева Айжан Темірболатовна жастардың әлеуметтік дамуы мен құндылықтық бағдарларының маңызын атап өтті.
 
 
Кездесу барысында адами капитал мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл тақырыпта Бекзат Ерланұлы сөз сөйлеп, адами капиталдың ел дамуының негізгі ресурсы екенін, ал әрбір азаматтың әлеуетін дамыту – мемлекет дамуының басты кепілі екенін жеткізді. Оның айтуынша, білім беру, кәсіби даму және тұлғалық өсу – заманауи қоғамның негізгі талаптарының бірі.
 
 
Сонымен қатар, іс-шарада цифрлық даму мәселелері де қозғалды. Калюжная Ксения Юрьевна «Цифрлық серпіліс: жасанды интеллект пен заманауи цифрлық инфрақұрылымды дамыту» тақырыбында баяндама жасап, қазіргі кезеңде технологияның қарқынды дамуы жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа міндеттер жүктейтінін атап өтті. Ол жасанды интеллекттің қоғам өміріндегі рөлін, сондай-ақ цифрлық сауаттылықтың маңыздылығын ерекше атап өтті.