Торайғыров университетінде «Жастар» театрының актерлері — Әділ Ахметов, Дәурен Серғазин, Азамат Ескулов, Бахыт Хаджибаев және Жандәулет Батай студенттермен мазмұнды кездесу өткізді.



Іс-шара барысында қонақтар университет жанындағы «Мұрагер» студенттік театрының шығармашылық қызметімен танысты. Театр мүшелері өз өнерлерін ұсынып, сахналық қойылымдарынан үзінді көрсетті.



Кездесу барысында білім алушылар өздерін толғандырған сауалдарын еркін қойып, сахна өнерінің қыр-сырына негізделген мазмұнды әрі кәсіби жауаптар алды. Ашық диалог алаңында актерлер шығармашылық жолындағы тәжірибелерімен бөлісіп, өнер саласындағы қалыптасу кезеңдері туралы терең ой қозғады. Сонымен қатар олар өңір туралы жылы әсерлерін жеткізіп, студенттік шақтағы естеліктерін ықыласпен еске алды. Әңгіме барысында өмірлік тәжірибе мен кәсіби ұстанымдар тоғысып, білім алушылар үшін тағылымы мол рухани әрі танымдық орта қалыптасты.



Кездесудің негізгі құндылығы — тәжірибелік бағыттағы шеберлік сабағында айқын көрінді. Театр актерлері «Актерлік өнер» білім беру бағдарламасының студенттері мен «Мұрагер» студенттік театрының қатысушыларымен тікелей жұмыс жүргізді. Шеберлік сабағы барысында қатысушылар сахналық әрекет, образ сомдау, кейіпкер мінезін ашу, дауыс пен дене пластикасын үйлестіру сияқты кәсіби дағдыларды тәжірибе жүзінде меңгерді. Берілген тапсырмалар арқылы білім алушылар өздерінің актерлік мүмкіндіктерін дамытып, шығармашылық ізденістеріне жаңа бағыт алды.