Торайғыров университетінде бүгін көрнекті ақын, аудармашы, журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Жастар театрының директоры Мақпал Мыса қатысуымен тағылымды кездесу өтті.

Кездесу барысында қонақ өз шығармашылық жолы, театр саласына келу себептері, қазіргі жоспарлары мен толғандыратын мәселелері туралы мазмұнды ой бөлісті. Сонымен қатар Павлодар өңіріне алғаш келген сәттегі әсерінен туған өлеңін оқып, студенттерге ерекше рухани әсер сыйлады.



Іс-шара барысында білім алушылар белсенділік танытып, түрлі сұрақтар қойып, кәсіби және шығармашылық бағытта құнды кеңестер алды. Кеш соңында 2-курс студенті Нұрлы Әміржан шабыттанып, сол сәтте жазған жаңа өлеңін тарту етіп, Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» шығармасын әсерлі орындап берді.



Аталмыш кездесулер студенттердің рухани-мәдени көкжиегін кеңейтіп, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, ұлттық әдебиет пен өнерге деген қызығушылығын арттыруға зор ықпал етеді. Тұлғалық қалыптасу жолында тәжірибелі өнер иелерімен жүздесу – жас буын үшін баға жетпес тағылым көзі.