Торайғыров университетінде қоғамдастықпен есеп беру кездесуі өтті. Аталған жиын барысында Басқарма Төрағасы – ректор Нұрлан Медетов 2024–2025 оқу жылының қорытындылары мен университеттің алдағы даму басымдықтарына жан-жақты тоқталды.



Есептік кездесуге Торайғыров университетінің профессор-оқытушылар құрамы және білім алушыларымен қатар 30-дан аса қоғам белсенділері, серіктестер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Қатысушылардың кең ауқымды болуы университет қызметін түрлі қырынан талқылауға және пікір алмасуға мүмкіндік берді.



Кездесу барысында ректор Нұрлан Медетов университеттің негізгі жетістіктеріне жүйелі түрде тоқталып, қол жеткізілген нәтижелердің барлығы ұжымның бірлескен, мақсатты еңбегінің жемісі екенін атап өтті. Баяндамада білім беру сапасын арттыру, ғылыми әлеуетті дамыту, цифрлық трансформация, интернационалдандыру, әлеуметтік жауапкершілік пен өңірлік кәсіпорындармен әріптестікті нығайту мәселелері қамтылды.



Сонымен қатар Торайғыров университетін цифрлық және ашық университет ретінде дамытуға бағытталған стратегиялық көзқарасы айқындалды. Баяндаманың мазмұнында түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштері, ғылыми жобалардың жүзеге асырылуы, AI-SANA бағдарламасының енгізілуі, инфрақұрылымды жаңғырту және студенттер мен жас ғалымдарға қолайлы академиялық орта қалыптастыру жөніндегі нақты деректер ұсынылды.



Кездесу ашық пікір алмасумен қорытындыланып, ректор қатысушыларды толғандырған сауалдарға жан-жақты жауап берді. Сондай-ақ жиын барысында айтылған ұсыныстар мен пікірлер құнды кері байланыс ретінде қабылданып, университеттің алдағы даму жоспарында ескерілетіні атап өтілді.



Бұл есептік кездесу Торайғыров университетінің ашықтық, кері байланыс және бірлескен даму қағидаттарына адалдығын айқын көрсетті.