Торайғыров университетінің ректоры Нұрлан Медетов Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысына қатысты. Жиында білім беру жүйесіне байланысты негізгі сын-қатерлер талқыланды.
 
Президент жаһандық бәсекелестікке төтеп беру үшін жасанды интеллектті дамыту қажет екенін атап өтіп, бұл технологияны елдің экономикалық өсімі мен егемендігінің қозғаушы күші деп атады.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен білім беру сапасын арттыруға назар салу қажеттігін білдірді:
 
– Университеттер қазіргі әлемдік стандарттарға сәйкес озық технологияларды жасай алатын отандық жаңа буын инженерлерін, зерттеушілерін және кәсіпкерлерін даярлауы тиіс.
 
Сондай-ақ отырыста жасанды интеллекттің этикалық қатерлері қозғалды. Мемлекет басшысы педагог пен шәкірт арасындағы адами байланыстың білім берудің негізі болып қала беруі тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, білім беру мазмұны ұлттық бірегейлікті, мәдениет пен халықтың құндылықтарын сақтау мәселесі сөз болды. Президент жасанды интеллект тек көмекші құрал екенін еске салып, білімнің сапасы мен мазмұны үшін жауапкершілікті адам, яғни ұстаз арқалауы керек екенін, тек адам ғана білімнің шынайылығының басты кепілі болып қала беретінін айтты.
 
Торайғыров университетінде жасанды интеллектке қатысты бағыттар белсенді дамып келеді. Сонымен бірге академиялық адалдыққа айрықша көңіл бөлінеді. Бұл студенттердің сыни ойлау және өздігінен білім алу дағдыларын жоғалтпауы үшін қажет. Жасанды интеллектті дамуға арналған құрал бола білсе де, жеке интеллект пен еңбектің орнын баспауы тиіс.