Торайғыров университетінде Сингапурдан келген білім беру саласының тәуелсіз кеңесшісі Аделин Кох, Австралиялық Global Service Sponsors халықаралық ұйымының өкілі Хендра Рахарджа және АҚШ-тан келген оқытушы Андреа Сиили ресми іссапармен болды.

Қонақтарды университет ректоры Нұрлан Медетов қарсы алып, ToU әрқашан студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының игілігі үшін халықаралық ұйымдармен ынтымақтастыққа ашық екенін атап өтті. Делегация өкілдері өздерінің басты мақсаты – университеттер мен шетелдік еріктілер арасындағы байланыс орнату екенін жеткізді. Бұған дейін Global Service Sponsors ұйымы негізінен Оңтүстік және Шығыс Азия елдерінде, сондай-ақ Австралия мен Жаңа Зеландияда ауқымды жұмыс атқарған. Енді олар өз қызметін Орталық Азияда кеңейтуді жоспарлап отыр, және алғашқы қадам ретінде Торайғыров университетін таңдаған.


Кездесу коворкинг-орталығында жалғасты. Қонақтарға университет тарихын International Office директоры Бибігүл Ақшулакова таныстырды. Сондай-ақ ол ToU-дың шетелдік университеттер және институттармен қалай жұмыс істейтіні жайлы баяндады. 20 жылдан астам уақыт бойы Торайғыров университетімен бірлесе жұмыс істеп келе жатқан Андреа Сиили Орталық Азиядағы жоғары білім беру жүйесіндегі негізгі мәселелерді талқылауды және қазақстандық ЖОО-на қандай шетелдік мамандар қажет болатынын анықтауды ұсынды. Кездесу диалог форматында жалғасып, әрбір студент пен оқытушы қонақтарға өз сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.