Торайғыров университеті халықаралық әріптестік аясын кеңейтті. Университет делегациясы Солтүстік Қытай электр энергетикалық университетімен және Ланьчжоу университетімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Сонымен қатар, ToU «Бір белдеу, бір жол» университеттер одағына мүше болды.

 

Екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы келісімдер ШЫҰ энергетикалық университеттерінің VIII халықаралық конференциясында жасалды. Басқарма төрағасы – ректор Нұрлан Медетов Солтүстік Қытай электр энергетикалық университетінің ректоры Би Тяньшу және Ланьчжоу университеті партком хатшысы Ма Сяоцзэмен келіссөз жүргізіп, тараптар академиялық ұтқырлық, жас ғалымдар мен оқытушыларға арналған ғылыми тағылымдамалар мен бірлескен зерттеулерді жүзеге асыру жөніндегі меморандумдарға қол қойды.

 

Сондай-ақ Нұрлан Медетов «Бір белдеу, бір жол» университеттер одағы аясында Азия жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойды. Торайғыров университетінің ректоры Дуньхуан қаласында өткен «Жібек жолы» халықаралық мәдени көрмесі барысында шетелдік әріптестерімен кездесіп, болашақ бірлескен жобаларды талқылады. Орнаған әріптестік кадр даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу, жаңа зертханалар ашу және халықаралық тәжірибені оқу бағдарламаларына енгізу бағыттарын қамтиды.

 

ToU делегациясы жаңа энергетика, көміртектік бейтараптық және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықтың келешегіне арналған пікірталастарға да қатысты. Кездесуде Қазақстан, Нигерия, Аустралия, Шотландия, Ресей, Пәкістан, Өзбекстан және өзге де елдердің ғалымдары баяндама жасады. Бұл жұмысқа Торайғыров университеті атынан International Office директоры Бибігүл Ақшулақова мен жылуэнергетика кафедрасының меңгерушісі, профессор Амангелді Карманов қатысты.