ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өңірімізге жұмыс сапарымен келді.
Еліміздің бас дәрігері Торайғыров университетінде халықпен кездесу өткізді.
Облыс тұрғындарының алдында сөз сөйлеген Ажар Ғиният денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштеріне тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау Қазақстандағы медициналық-демографиялық жағдайға оң әсерін тигізді.
- 2021 жылмен салыстырғанда Павлодар облысында өлім-жітімнің жалпы деңгейі 27% - ға төмендеді, - деп атап өтті министр. – Оның ішінде жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім 42%-ға, қатерлі ісік 9%-ға, тыныс алу органдарының аурулары және туберкулез 25%-ға азайды. Сонымен бірге ана өлімі 43% - ға өсті.
Ажар Ғинияттың сөзінен мемлекет алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға ерекше көңіл бөлетіні белгілі болды. 2022 жылы еліміз бойынша тоғыз емхана мен амбулатория пайдалануға берілді, олардың бірі Павлодарда ашылды.
- ДДҰ ұсынымдары бойынша ЖСМК қаржыландыру Денсаулық сақтау бюджетінің жалпы көлемінің 60% деңгейінде болуға тиіс. Бізде ол 54% деңгейінде. Биыл біз 56% - ға жетуді жоспарлап отырмыз. Бұл емханалардағы қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттырады, – деп атап өтті Ажар Ғиният.
Министр емханалардағы ұзын-сонар кезек мәселесі туралы біледі. Бұл мәселені шешу үшін учаскелік дәрігердің тоғыз бағыт бойынша міндетті жолдамасынсыз консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету практикасы енгізіледі. Оларға шұғыл көмек, стоматологиялық көмек, дерматовенеролог, акушер-гинеколог, психолог, онкологиялық көмек кіреді.
Сондай-ақ, еліміздің бас дәрігері облыстың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін іске асыруға қосқан үлесін атап өтті. Павлодар облысында МӘМС жүйесінде 621 мың адам сақтандырылған, бұл халықтың 82,3%. Өңірдің 100 мыңға жуық тұрғыны тіркелген жоқ. Ажар Ғиният жергілікті биліктен бұл мәселені шешуге көмектесуін сұрады.
Бұдан әрі ҚР Денсаулық сақтау министрі тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, азаматтарды жеке қабылдау өткізді. Айта кетейік, жұмыс сапары қарсаңында Ажар Ғиният өңірдің, Ақсу және Екібастұз қалаларының ауылдарын аралап, медициналық инфрақұрылыммен және медициналық қызметтердің сапасымен танысты.