Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде 2025 жылға қарай ел аумағында техникалық бағыттағы танымал жоғары оқу орындарының кем дегенде бес филиалын ашу керектігін айтты.
Осындай ұсынысқа жастар үшін сапалы жоғары білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету, жастардың жағымсыз қылықтарға бой алдырмауы мен деструктивтідіни ағымдардың шырмауына түсуге жол бермеу қажеттілігі түрткі болды.
Жаһандық даму көшбасшылары қатарында ілкімді технологияларды жүзеге асырып, олардың негізінде мықты өндірістік база қалыптастырған елдер бар. Мемлекет басшысы атап өткендей, инженерлік кадрлардың сапасы мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын факторлардың бірі. Бұл - аса маңызды. Себебі, технологиялық, экономикалық тәуелділікті жоюдың негізі болады. Айта кетейін, біздің университет өз инженерлерімен танымал. Бұл мамандық әрдайым жоғары құрметке ие.
Соңғы жылдары біз инженерлік мектепті нығайтуға бағытталған шараларды қолға алдық. Жуық арада біз индустриалды-инновациялық даму Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды аяқтадық. Оның шеңберінде ЖОО Брунел, Лунд, Валенсияның политехникалық университеті сияқты оқу орындарымен бірге білім беру бағдарламасының кешенін әзірледік.
Заманауи техникалық кадрларды даярлайтын пәндер құрылды. 2015 жылдан бері материалдық базаны дамытуға мемлекет тарапынан және серіктестеріміз ПМХЗ, ERG, Нефтехим LTD, Проммашкомплект, KAZ Minerals Bozshakol кәсіпорындары тарапынан қолдау көрсетілді. Мұнай-химия, металлургия, энергетика, IT бағыттары бойынша маман даярлау деңгейін арттырдық.
Білімдер мен дағдыларды ұштастыра біліп, заман ағымына сай еңбек ететін мамандарды даярлау бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Жаңарып жататын экономикада бірінші кезекте инженерлік біліммен қаруланған мамандар қажет. Индустрия 4.0 қалыптастыру үшін инженерлер, өнеркәсіптік инженерлік кадрдардың жаңа ағымын қалыптастыру керек.
Университет ұжымы Президенттің Жолдауын қолдайды. Қазіргі уақытта тапсырмаларды орындауды бастады.