Соқпағы көп өмір көшіңнің соңы, ортасы емес, алдыңғы жолда жүру қалай? Ел естімеген, елге жетпеген сара жолды салу кез келгеннің қолынан келе бермес. Біз ғылымның, өнердің алғашқы баспалдығын салып кеткен тұлғалардың өмір тарихына үніле бермейміз. Өзінің жеке басынан бұрын, халық қамын ойлаған жандарды ұмытпау бүгінгі біздің басты міндетіміз.

Қазақ боксының атасы атанған тұңғыш боксшы Шоқыр Бөлтекұлы және оның жары қазақтың мың бұралған бишісі, қазақтан шыққан тұңғыш балерина Нұрсұлу Тапалованың өмір тарихы трагедияға толы. Қазақ үшін барын берген тұлғалар бүгінде неге елеске айналып барады? Халық өзі өсіріп, неге қапияларынан шығарып келеді?

Нұрсұлу Елубайқызы Ақтөбе облысы Ойыл ауданында дүние есігін ашқан. Бала күнінен би өнеріне ынтық болды. Келешекте өз ізін қалдыратын ерекше адам қалың топтың арасынан жарқырап тұрары хақ. Бір кездері Ойыл ауданына Ахмет Жұбанов гастрольдік сапарға барып, 11 жасар кішкентай Нұрсұлудың дарынына куәгер болып, оған кәсіби білім алуға жол сілтеді. Нұрсұлу Топалова өз естелігінде: «Жеті жылдық мектепте оқып жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесінен іріктеліп, он үш жасымда Абай атындағы академиялық опера және балет театры жанындағы би мектебіне түскен едім. Сонда Күләш Байсейітованың қамқорлығында жүріп, Шара апайдың да көмегін көп көрдім. А.Александров, Г.Уланова, Е.Лифанова, Ю.Ковалев сияқты өнер иелерінің де биші болып қалыптасуыма әсері тиді», - деп жазады.

Ол 24 жасында Қазақ ССР еңбек сіңірген әртісі деген атаққа ие болады. Ол қазақ сахнасының жарық жұлдызына айналып, бар өмірін биге арнады. Оның басты байлығы – Алланың берген өнері еді. Осы сөзімнің дәлелі ретінде Болат Аюхановтың «Менiң балетiм» деген кiтабында: «Нұрсұлу – бисiз өмiрiн елестете алмайтын нәзiк жан. Ол Галина Улановамен «Бақшасарай бұрқағында» Заремнiң рөлiн ойнады. Нұрсұлу Зареманы классикалық дайындықсыз биледi. Алайда оның Заремасы нағыз шығыстың аруы болып шықты! Оның биiн көрiп отырып биге елiтiп кетпеу, ғажайып сұлу биiне қарай отырып, оның тартымды әсерiне ерекше бой алдырмау мүмкiн емес. Нұрсұлу Тапалова дәстүрлi классикалық би өнерiнiң толып жатқан қым-қуыт қиындығын орасан зор ерекше күшiмен жеңе бiлдi. Ол қиындығы мол ерекше тәсiлдердi бейнелер арқылы сомдап, олардың нәзiк сезiмдерiн көрерменге айырықша жеткiзе бiлдi. Бұл бишi нағыз ұлтының бағына жаралған», – деп жазды. Расында қазақтың маңдайына біткен дара қызға қызғана, қызыға қараған жандар көп болды. Жасынан өнерге деген өлердей махаббаты оны биік шыңдарға жетелегенімен, оның жанына зіл қара тас салған замандастары да кездесті. Сөйтіп, балерина 1953 жылы театрмен қоштасып, Жамбыл атындағы филармонияға жұмысқа кіріп, ол жерде де өзінің би өнерінде тұғыры биік жан екенін дәлелдей білді.

Құдай қосқан қосағы қазақтан шыққан тұңғыш бокс өнерінің атасы Шоқыр Бөлтекұлы екеуі өз салаларының майталманы болса да ешқашан қарапайымдылықты жоғалтқан емес. Олар еш уақытта дүниенің кірі – алтынға, ақшаға, байлыққа қызыққан емес. Олар үшін ең бірінші орында тұрған өз кәсіптерінің шебері атану болды. Олар тағдырдың сан тауқыметін бірге көріп, бірақ ешкімге жоқшылықтары туралы тіс жармай кеткен. Бүгінде Шоқыр Бөлтекұлының тәрбиелеген шәкірттері қазақ жерінің түпкір-түпкірінде үнемі қанжығасына жүлделі орындарды байлап келетін боксшыларды жаттықтыруда. Бұл жетістіктерді Шоқыр Бөлтекұлының арқасында деп білген жөн. Өкініштісі, балетте, бокста жүрген кейбір әртістеріміз және спортшыларымыз осы жандарды білмей жатады. Ал олар қазақ өнері мен спортының алдыңғы қатар мұзжарғыштары болды десек еш қателеспейміз. Кезінде Бауыржан Момышұлының өзі: «Екі-ақ нағыз қазақ бар, бірі – мен, бірі – Шоқыр», – деген екен. Сонда Шоқыр атамызда кезінде барлық қағаздарға ов-ты алып тастап, ұлы деп жаздырған екен. Осыдан-ақ Шоқыр атамыздың қандай болғанын білуге болады. Нар тұлғалы азаматты бүгін неліктен тасада қалдырып жатыр? Шындығына келетін болсақ бір-екі жеңістен кейін кейбір спортшыларға үй беріп, барлық жағдай жасап, тіпті спортшылар мектебін де ашып жатыр. Неліктен қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлына арнап, бір көшенің атын беріп, немесе жарыстар өткізіп, мектеп атын бермеске? Мақтауға лайықты тұлға екені даусыз.

Түйін. Бір мәлеметтер бойынша Нұрсұлу Тапалова өмірінің соңғы жылдары ащы сумен дос болыпты деген сыбыс әңгімелер халық арасынан көп естиміз. Алайда, оның мұңымен бөліскен біреу болған жоқ, жасынан балетке ғашық болған қыздың өміріне балта шапқан жанындағы замандастары да оны түсінбеген еді. Неліктен? Оның өнерін өкінішке орай ешкім тірі кезіңде қадірлеген жоқ. Біздің кемшілігімізде осында – өз халқымыздың нар қасқаларын өзіміз жылатып, бақытсыз ететініміз. Сол себепті, сара жолды салып кеткен дарындыларды ұмытпай, қастерлейік!

Назгүл РАБИЛОВА