С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері Жұлдыз Жұмаділова мен Муфтан Уғыбайдолла Республикалық «Рауан» музыкалық фестивль-байқауынан Гран-приді жеңіп алды.

Еліміздің түкпір-түкпірінен 400-ге жуық өнерпаздар қатысқан өнер додасында домбыра номинациясы бойынша Жұлдыз бен Муфтан оза шауып, бәйге алды. 

Жаңа өнер иелерін ашып, олардың шеберіліктерін шыңдап, қабілеттерін арттыруды мақсат еткен байқауда дарынды жастар домбыра, скрипка, фортепиано, қыл қобыз, виолончель, аккардион, домбырамен ән салу және эстрадалық вокал номинациялары бойынша баптарын сынады.

Студенттердің жетекшісі, орындаушылық өнер кафедрасының аға оқытушысы Рыскүл Сабекованың айтуынша, биылғы жылғы байқаудың қазылығы өте қатал болып, шәкірттері кәсіби шыңдалып қайтты.

– Біз шәкірттеріміздің ғана емес, С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың жоғары деңгейін көпке паш еттік. Мұны кәсіби мамандардан, әсіресе, домбыра аспабының мамандарынан құралған әділ қазылар алқасы да мойындады, – дейді Рыскүл Асаубайқызы. . 

Жеңімпаз Муфтан Уғыбайдолла бұл жеңісті тек дара қабілеттің ғана жемісі емес, ұстаздың шәкіртінің кәсіби шеберлігін ұштауындағы тынымсыз еңбегінің арқасы деп біледі.

– Ұстазымның маған салған еңбегі еш кетпегеніне ризамын. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей дайындалып жүрдім. Жалпы, қуанышымда шек жоқ. Бас жүлдені иелену – мені үшін зор жетістік. Алдағы уақытта өнерімді шыңдап, шебер музыкант боламын деп үміттенемін, – деп ойын білдірді Муфтан.