С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне Перпиньян университетінің (Франция) өкілі Винцент Глизе мырза жұмыс сапарымен келді.

Қонақ академиялық жұмыс жөніндегі проректор, философ.ғ.к. Гаухар Ахметовамен кездесу барысында университеттердің білім және ғылым саласындағы серіктестігін дамыту мәселелері туралы сөз қозғады.

Сондай-ақ, кездесуде екі жақ С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттерінің академиялық ұтқырлық бойынша білім алуы, Эразмус+ бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық турасында да талқылады.

Бұдан өзге, француздық әріптестерден Перпиньян университетінің белгілі профессорларын ПМУ студенттеріне дәріс оқуға шақыру және «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде оқытушыларға ғылыми тағлымдамалар ұйымдастыру туралы ұсыныстар түсті.

Құрметті қонақ студенттермен кездесу барысында Перпиньян университеті және жоғары оқу орнының оқыту бағдарламалары туралы толық ақпарат берді.

Перпиньян университеті Францияның оңтүстігінде, Шығыс Пиреней департаментінің әкімшілік орталығында (Лангедок-Руссильон аймағы), Жерорта теңізі жағалауынан бірнеше шақырым жерде орналасқан.

С. Торайғыров атындағы ПМУ академиялық ұтқырлық орталығының басшысы Құндыз Мұқатаеваның айтуынша, екі жақтың бірлескен педагогика саласындағы жұмыстарын үйлестіру әрі жеңілдету, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын  жасау және ақпарат, ғылыми жарияланымдар арасында айырбас жүргізу бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою жаспарда бар.