С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай G-Global алаңында халықаралық онлайн-конференция өтті.

Конференция жұмысына С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты. 

Конференция барысында ХХІ ғасырдағы ғылымның дамуы мен өзекті мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, қатысушылар Мәңгілік Ел идеясының ұлтты ұйыстырудағы маңызы, Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен жеңістері туралы өзекті ойларын ортаға салды. Және де Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне тарихи баға беріліп, ғылыми пікірлер айтылды.

С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Сәуле Мамытова өз сөзінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлаудың тарихи маңыздылығын атап өтті.

– Бұл уақыт өткен жолды түйіндеп, алар асуды белгілеп, ата-баба мұрасына алғыс айтып, құрмет танытуға, сонымен қатар, тәуелсіздік үшін күрестің тарихи сабақтарын түсінуге септігін тигізеді. Бұл қасиеттер ұлттық сананы қалыптастыру және еліміздің тәуелсіздігін нығайтудың қайнар көзі болатыны сөзсіз; – деді Сәуле Нәсенқызы. 

Тарих ғылымдарының кандидаты, С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Қайрат Батталовтың айтуынша, Қазақстан Републикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы және көрнекті тарихшы, алаштанушы Кеңес Нұрпейісов құрметіне арналған аталмыш конференция өзара үндесіп, мерекенің тарихи маңыздылығы да арта түсті.