С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде 8 наурыз – халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік концерт өтті.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев нәзік жандыларды мерекесімен құттықтап, жүрекжарды лебізін арнады. Университет басшысы әйелдер қауымының оқу орданың дамуындағы өлшеусіз еңбектеріне тоқталып, оларға денсаулық, бақ-береке және табыс тіледі. Ректор әйелдер қауымының жоғары оқу орнының өркендеуіне әрі білім мен ғылым саласына қосып отырған орасан үлестерін ерекше атап өтті. 

– Білім, ғылым, оқу және тәрбиелік міндеттерді тамаша атқарып, университеттің көркеюі үшін жасап жатқан еңбектеріңіз қомақты. Сіздер қоғам алдындағы зор жауапкершілікті нақ түсіне отырып, табиғи нәзіктіктеріңізбен биік белестерді игерудесіздер. Ғылымға және ПМУ-дың ізгі дәстүрлеріне адалдықтарыңыз бен төзімділіктеріңізді бағалаймын, – деді Арын Амангелдіұлы. 

Мереке барысында Павлодар мемлекеттік университетінің ер азаматтары әйелдер қауымына өз құттықтауларын арнады. Бұл күні жігіттер нәзік жанды әріптестеріне ән-жырдан шашу шашып, әзіл-қалжыңмен көңіл-күйлерін көтеруге барын салды. Әр факультет ұжымының ерлері өз өнерлерімен әйел затын еркелетіп те, қуанышқа бөлеп те алды. Концерт студенттік филармонияның ұйытқысымен өтті. 

Бұл күнгі сахна төрінде шырқалған ән де, би де, қалжың да бәрі әйелдерге арналды. Декандар, оқытушылар, ғылыми қызметкерлер бір уақыт жұмыстарын жиып, қыздардың құрметіне әнші, биші, сиқыршы, жыршы, әртіс те болып көрерменді шаттыққа бөледі. 

Сондай-ақ, жігіттердің атынан мерекелік дастархан жайылып, қыз-келіншектерге ақ тіліектер арналды. 

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ер азаматтары отбасының ұйытқысы әрі ұжымның берекесі болған әйелдерді бір күн ыстық ықыласына бөлеп, тамаша көңіл-күй сыйлады.