С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Бақтыгүл Қасымова жас кәсіпкерлер арасындағы «Startup «Bolashak» республикалық байқауында жүлделі үшінші орынға ие болды.

«Болашақ» Ассоциациясы мұрындық болған бұл байқауға екі мыңнан астам қатысқан жобалардың 20-сы ғана іріктеліп алынды. Байқау жеңімпаздары жалпы құны 30 миллион теңгенің гранттарына ие болды. Сол жеңімпаздардың ішінде С. Торайғыров атындағы ПМУ студенті Бақтыгүл Қасымова да бар.  

Бақтыгүл «ALAU» атты  шыныдан жасалған бұйымдарды қайта өңдеу және өңдеу бизнес-жобасымен бәйгеде бағын сынады. Ол бәске тіккен жүлделі орынға ие болып, қанжығасын 5 миллион теңгемен майлады.

Бүгінде Бақтыгүл – Enactus Kazakhstan аймақтық менеджері, Enactus PSU командасының экс-капитаны. Ол қол жеткізген қаражатты осы кәсібін дамытуға бағыттамақ.

Жеңімпаздың айтуынша, С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттердің кәсіпкерлікпен айналысуына барынша жағдай жасап, қолдау көрсетеді. 

– Павлодар мемлекеттік университетінде білім ала жүріп, бизнеспен айналысуға мүмкіндік алдым. Маған табиғи қорды пайдаланғаннан гөрі, қайта өңделген шикізатты пайдаланып, өнім жасау туралы ой келді. Біз қазір кәде сыйлардан бастап құрылыс материалдарына дейін жасап шығара аламыз. Бұл 16 бағыт: кірпіш, шатыр жапқыштары, ыдыс-аяқ. Біздің басты мұратымыз – біздің өнім әр қазақстандық үшін қолжетімді болуы, – дейді жас кәсіпкер. 

Жобаларды танымал кәсіпкерлер, сарапшылар, қаржы және бизнес құрылымының өкілдерінен құралған комиссия бағалады. Іріктеу барысында жобалардың әлеуметтік маңыздылығы, нарықтағы сұранысы, бірегейлігі мен өтімділігі ескерілді.