Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Хантәңірінің мұзбалағы атанған Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кешке С. Бейсембаев атындағы ғылыми кітапхананың қазақ әдебиеті бөлімі мен «Қазақ филологиясы» кафедрасы ұйытқы болды.

Әдеби кештің мақсаты – Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау, поэзияны сүю, ақын жырларын, әндерін айта отырып, өз елін, ұлтын сүюге тәрбиелеу, студенттер қауымының әдебиетке деген сүйіспеншілігін ояту.

Кеш барысында студенттер ақын шығармашылығындағы махаббат сезімінің көпқырлылығын тарқатып, Отанға, өмірге, анаға, сүйіктісіне деген махаббатты ақын көзқарасымен танып білді. 

Кешке қатысушылар ақын өлеңдерін оқып, ақынға арнауларын айтып, жырдан өрнек өрді. Шара барысында студенттер ақын шығармашылығы арқылы өздерінің поэзияға деген сүйіспеншілігін ұштады. 

Сондай-ақ, кездесу барысында Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, сәулет және дизайн кафедрасының аға оқытушысы Майса Ықласованың Мұқағали шығармаларына арнаған еңбектерінің слайд топтамалары көрсетілді. Кештің көркін келтірген слайд топтамаларындағы суреттер көрермендер ықыласына ие болды.

Сонымен қатар, С. Торайғыров атындағы ПМУ кітапханасының қазақ әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Жүрсилә Әбілдинова көпшілік назарына Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Ақын жыры – өмір жыры» атты кітап көрмесін ұсынды. 

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Бақытжан Қадырованың айтуынша, кеш студенттер үшін әсерлі де танымды өтті. 

– Бүгінгі өткен әдеби кештің мақсаты Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын студенттер жүрегіне ұялатуды, олардың ақындық өнерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруды көздеді. Кеш барысында студенттер рухани-адамгершілік тұрғысынан байып, поэзия сүйер жастардың шығармашылқпен айналысуына шабыт сыйлады, – деді Бақытжан Мәсәлімқызы.