С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ғалымдары Алтай мемлекеттік мәдениет университеті өткізген «Мәдениаралық коммуникация: мәселелері, тәжірибелері, келешегі» атты халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-семинарға қатысты.

Семинар жұмысы әртүрлі әлеуметтік-мәдени топ өкілдері арасындағы мәдениаралық коммуникациялардың жағымды тәжірбибелерімен бөлісуге, мәселелерді анықтау және шешу жолдарын іздеуге бағытталған. 

Еске сала кетейік, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті және Алтай мемлекеттік мәдениет институты өзара ынтымақтастық меморандуымына қол қойған болатын. Келесімнің негізінде оқу, ғылыми-зерттеу және мәдени кеңістікте ынтымақтастықты дамытуды және нығайтуды нысанаға алды. Бұл кездесу екі университеттің бірлескен жобалары аясында өтуде. 

Онлайн-кездесуде Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Татарстанның қырыққа жуық ғалымдары жүздесті. Семинар жұмысында заманауи  мәдениаралық қатынас, заманауи әлемдегі этникааралық қақтығыстардың себептері, көпұлтты өңірдегі этникааралық қатынастар, мәдениаралық коммуникациялардың рухани-адамгершілік аспектілері, діни ерекшеліктер, білім саласындағы мәдениаралық қатынастардың заманауи тенденциялары, мәдениаралық құзіреттің қалыптасуындағы БАҚ рөлі сынды  мәселелер қозғалып, ғалымдар тарапынан талқыға салынып, сараланды.   

С. Торайғыров атындағы ПМУ философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі,  философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Майра Қожамжарова өз сөзінде семинардың тақрыбы бүгінгі көп ұлтты мемлекет әрі көп ұлттың өкілі білім алатын жоғары оқу орны үшін көкейкесті мәселе екенін атап өтті. 

– С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде алпысқа жуық ұлттың өкілі білім алуда. Сондықтан семинарда көтерген мәселелер біздің ғалымдар үшін таңсық емес. Бүгінде тілдер мен мәдениеттің көптігі өзара түсіну және даму құралына айналып қана қоймай, қоғамда мәселелер де тудыруда. Ал біз ғалымдар осы мәдениаралық қатынаста өзара түсіністік жолдарын саралап, қарстырдық, – деп ойымен бөлісті Майра Жанайдарқызы.