С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Экономика» кафедрасының студенттері «Unicon» экономикалық олимпиада жеңімпазы атанды.

Бұл байқауға ұйытқы болған: Халықаралық бизнес университеті (UIB).

Сайысқа қатысушылар бүгінгі қоғамда жиі көтеріліп жүрген мәселеге экономист маман ретіндегі өз жолдарын ұсынды. Олар «Қазақстан үшін теңгенің АҚШ долларына шаққандағы курсы еркін айналымға жіберілуі немесе бекітілген курсты ұстанғаны  тиімді ме?» деген сауалға жауап іздеді.

Байқауға түсекен барлық жұмыстар арасынан алты жоба іріктеліп, финалға өтті. 

Павлодар мемлекеттік университетінің жас экономистері бірінші орынға ие болып, жарты миллион теңгені қанжығасына байлап келді. 

Студенттердің жобаларын Ұлттық банктің экс басшысы Ораз Жандосов, «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова және «Altyn Bank» АҚ Директорлар кеңесінің басшысы Арман Дунаев бағалады. 

Жоба жетекшісі, э.ғ.к., қауымдастырылған профессор Алексей Титков тың мәлімдеуінше, С. Торайғыров атындағы ПМУ командасының басқа топтардан ерек болғандығы бүгінгі мәселені экономика заңдылықтарына сай шеше білуінде.

– Ұйымдастырушылар жас экономист мамандардың бүгінгі теңгенің АҚШ долларына шаққандағы курсының еркін айналымдағы жағдайы туралы пікрін білу,олардың білімін зерделеуді мақсат етті. Олимпиада нәтижесінде командалар осы екі бағыттың тиімділігін анықтап, кәсіби дұрыс қадам жасау керек болды. Ал біздің команда маман ретінде еркін айналым курсы позициясын ұстанып, тиімді жақтарын дәлелдеп шықты, – дейді Алексей Анатольевич.

С. Торайғыров атындағы ПМУ командасы мүшесінің айтуынша, теңгенің еркін айналымдағы курсы безнес қауымдастығының креативті қабілеттерін шыңдай түседі.