С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымы Тоқтар Бексеитов «Сүтті ірі қара мал шаруашылығында инновациялық технологияларды және басқару әдістерін енгізу» халықаралық курстары бойынша кәсіби біліктілігін арттырып келді (Израиль, Тель-Авив қ.).

Израиль мемлекеттік сыртқы істер министрлігі жанындағы MASHAV халықаралық ынтымақтастықты дамыту агенттігі мен CINADCO ауылшаруашылықты дамыту саласындағы халықаралық ынтымақтастық орталығының шақыртуымен өткен курсқа С. Торайғыров атындағы ПМУ агротехнологиялық факультетінің деканы, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ауылшаруашылық ғылым академиясының акакдемигі Тоқтар Бексеитов қатысты. 

Бұл бағдарламаның мақсаты қатысушы мемлекеттің жергілікті жағдайларына сай сүт шаруашылығын басқару бойынша тәжірибе алмасуды, Израиль сүт өндірісінің технологиялық аспектілерімен таныстыруды көздеді. 

MASHAV-CINADCO оқу орталығында өткен курсқа ТМД елдерінен (Украина, Беларус, Молдовия, Армения, Қазақстан) қатысушылар қатысты. 

Курс барысында ірі қара малдың азығы, жоғары өнімді тұқымның селекциясы, ветеринарлық мәселелер, мал ауруының диагностикасы, сиыр табынын басқару, өндірісті автоматтандыру, сүт өндіру технологиясы, құрал-жабдықтар, сапа кепілі, сүт өнімдерінің қауіпсіздігі және т.б. тақырыптар қозғалды. Мұнымен қоса, қатысушыларға кәсіби экскурсиялар ұйымдастырылды. 

Ал курс соңында Тоқтар Бексетовке осы бағытта кәсіби біліктілігін арттырғаны жөнінде сертификат табыс етілді. 

Израиль кішкентай мемлекет болғанымен, сүтті ірі қара мал шаруашылығы бойынша алғашқы орынға ие. Алайда, онда сүтті ірі қара мал шаруашылығы, сүт өндірісі бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы технологиялар, сүт өнеркәсібіне арналған жабдықтар жасайтын зауыттар, шаруа қожалықтары жолға салыныған.  Бүгінгі күні ол елде 120 000 жоғары өнімді сауынды сиыр барлық халықты сүт және сүт тағамдарымен қамтамасыз етеді екен.

Тоқтар Бекситовтың мәлімдеуінше, Израиль елінен жеткен мәліметтерді дәрістер  және дипломдық жобалардың тақырыптары ретінде қолданысқа енгізу жоспарлануда. 

– Курстан кейін мал шаруашалығында заманауи технологияларды дамыту бойынша көп идеялар туды. Сондай-ақ, біз курста алған деректерді қолдана отырып, мал шаруашылығы  қызметкерлеріне арналған біліктілікті жетілдіру курсы бағдарламаларын дайындауды бастап кеттік, – дейді Тоқтар Кәрібайұлы.