С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері республикалық сәулет-құрылыс және дизайн бағытындағы мамандықтар бойынша дипломдық жобаларды бағалау байқауынан жүлдегер атанды.

Фестивальге еліміздің 26 жоғары оқу орнынан дипломдық жобалар қабылданып, Павлодар мемлекетік университеті атынан 8 дипломдық жоба қатысты. 

Байқау нәитижесі бойынша «Құрылыс» мамандығы бойынша өнеркәсіптік, азаматтық және көлік құрылыс номинациясында І дәрежелі дипломмен Асхат Болатұлы (жетекшісі – техн.ғ.к., профессор Қуандық Сақанов) марапатталды. ІІ дәрежелі диплом Нұрбек Шырынханға (жетекшісі – техн.ғ.д., профессор Марат Күдерин), ІІІ дәрежелі диплом Ләззат Қайыржановаға (жетекшісі – доцент Зинаида Дахно) бұйырды. Ғимараттар мен үйметтерді жобалау және есептеу номинациясында ІІІ дәрежелі дипломды Әсем Тілеубаева (жетекшісі – техн.ғ.д., профессор Марат Күдерин) және Анастасия Вагнер (жетекшісі – техн.ғ.к., профессор Лариса Горшкова) иеленді. Ал «Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және құрастырылымдарын өндіру»  мамандығы бойынша ІІІ дәрежелі дипломға Екатерина Морозова (жетекшісі – техн.ғ.к., профессор Павел Корниенко) ие болды. 

Бұдан өзге, Қазақ сәулет-құрылыс бас академиясы қабырғасында өткен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің сәулет-құрылыс және дизайннерлік кәсіби мамандықтары бойынша оқу-әдістемелік бірлестігінің отырысы жұмысына С. Торайғыров атындағы ПМУ «Өнеркәсіптік, азаматтық және көлік құрылысы» кафедрасының меңгерушісі,  техн.ғ.к., профессор  Қуандық Саканов қатысты. 

Бұл кездесуге Қазақстанның 16 жоғары мектептерінің өкілдері қатысты. Отырыс барысында  КЭД каталогының құрылымы мен мазмұны, оқу-әдістеме мәселелері қозғалды. «Құрылыс» және «Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және құрастырылымдарын өндіру»  мамандықтарының оқу-әдістемелік секцияларында бұл мәселелер тереңірек сараланып, талқыланды. 

Қуандық Сакановтың айтуынша,  оқу-әдістемелік отырысында қозғалған мәселелер мен кәсіби тың жаңалықтар білім сапасының артуына ықпал етеді. 

– Отырыста  «Құрылыс» және «Құрылыс материалдарың, бұйымдарын және құрастырылымдарын өндіру»  мамандықтарының оқу-әдістемесіндегі жаңалықтар, оқытудағы тың жұмыстар сөз болды. Мұның бәрі бәсекеге қабілетті және сапалы мамандарды даярлауда зор септігін тигізеді. Ал студенттер республикалық байқаудан кәсіби тәжірибе жинақтап, шабыттанып қайтты. Бұл– біз үшін үлкен жетістік, – деді Қуандық Темірұлы.