С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің С. Бейсембаев атындағы ғылыми кітапханасында «Вдохновение» кітапсүйер оқырмандар клубының мәжілісі болып өтті.

Оқырмандар клубы мәжілісінде студенттер назарына ақын, прозаик, драматург, сценарист, журналист, аудармашы, мемлекет және қоғам қайраткері Константин Симоновтың туғанына 100 толуына арналған «Ақын, жазушы, сарбаз Константин Симонов» атты ауызша журнал ұсынылды. 

Іс-шара барысында барлық оқырмандар белгілі орыс қаламгерінің «Третий адъютант» әңгімесін оқыды. Шараның екінші бөлімінде аталған әңгімені оқырмандар талдап, өз әсерлерімен бөлісті. С. Торайғыров атындағы ПМУ студенті Рустам Нигматуллин талқыланған шығарма бойынша мынадай қорытынды жасады: «Константин Симонов соғыс тақырыбын жазудан тайсалмаған. Бұл тақырып оның қаһармандары үшін адалдық пен ержүректілікті сынаудың бір жолы еді. Қан майдан соғыста жүрген кейіпкерлер ең басты қасиет – адамдықты жоғалтпаған. Олар өзге адамның өмірін ерекше бағалаған».

Шараның үшінші бөлімі қаламгердің поэзиясына арналды. Оның өлеңдерін миллиондаған адам жатқа айтатын. Ақын өлеңдері майдан даласында, радиодан тұрақты түрде оқылып, армиялық газет беттерінде жарияланып тұрды. Ұлы Отан соғысы тақырыбы туралы жазған өлеңдерімен-ақ Константин Симонов ел аузында жатталып қалды. Себебі, көпшілік оқырман оның өлеңдерін бірінен-бірі жазып алып жатқа оқитын болған. Осы бөлімде студент Татьяна Дорошенко, Роза Бурсагова мен Гүлжан Ишимова ақынның «Танк», «Кукла», «У огня», «Атака» және тағы басқа өлеңдерін мәнерлеп оқыды. 

Кештің төртінші бөлімінде Константин Симоновтың сценарийі бойынша түсірілген фильмдерден үзінділері көрсетіліп, автордың өзі оқыған өлеңдерінің жазбасы тыңдалды. Сонымен қатар, ғылыми кітапхана қорындағы  Константин Михайловичтің кітаптары таныстырылды.

1975 жылы әлем халықтарына үндеу сөзінде Константин Симонов: «Адамзат Екінші дүниежүзілік соғысты тарих оқулықтарында ең соңғы зұлмат деп білуі үшін соғыс әкелген қасіретті еш ұмытпауы қажет» деген еді.