С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Өрсариев ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттермен кездесті.

Кездесу ата-аналарының қамқорлығынынан айырылған студенттерге жаңа жылдық көтеріңкі көңіл-күй сыйлау, оларды қолдау және қамқорлау мақсатын көздеді.

Өз сөзінде Арын Өрсариев ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттерді барынша қамқорлауға университетте әлеуметтік жобалар мен бағдарламалар жүзеге асып жатқанын атап өтті. Университет басшысының мәлімдеуінше, Павлодар мемлекеттік университеті бұл әлеуметтік топ студенттеріне оқу ақысына жеңілдіктер, жатаханадаларға тегін орналастыру, тегін тамақтанумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттерге қоғамдық көлікте тегін жүру сияқты жеңілдіктер де қарастырылған. 

– Сіздерге университет қабырғасынан сапалы білім алып, білікті де білгір маман болуға барынша жағдай жасалған. Мемлекет тарапынан  берілетін зор мүмкіндіктерді пайдаланып, егеменді еліміздің болашағын жарқын етуге атсалысыңыздар», – деді Арын Амангелдіұлы. 

Ізгі шараға университетіміздің  әр факультетінен барлығы  алпыс сегіз студент қатысты. 

Жыл сайын қамқорсыз қалған студенттерді қолдау мақсатында білім ордада «Мейірімділік» атты акциясы өтіп тұрады. Бұл балалар арасында толық мемлекеттің қамтамасыз етуімен білім алып жүрген студенттер де бар. Студенттердің бірінші курсында киімдер мен төсек орын, ал соңғы курсында бір мезгілдік қаржылай көмек көрсетіледі. Ал жазғы демалыс уақытында бұл студенттер С. Торайғыров атындағы ПМУ «Баянтау» жастар лагеріне демалуларына мүмкіндік алады.  

Бұл күні студенттердің барлығына бірдей қаржылай көмек көрсетіліп, әрбір студентке жаңа жылдық сыйлықтар табыс етілді. Кездесу соңында студенттер өз ұсыныстары мен алғыстарын білдіріп, ризашылығын жеткізді. Ал студенттік филармония өнерпаздары: «Джем» заманауи би студиясы мен «Diamond» спорттық би студиясының өнерлерімен студенттердің көңілін көтеріп тастады.