С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай салтанатты мерекелік концерт өтті.

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің  ректоры, с.ғ.д. Арын Өрсариев салтанатты мерекелік жиынды өз құттықтау сөзімен бастады. «Дамудың демократиялық жолын таңдаған жас мемлекетіміз ата-бабаларымыз сан мың жылдар бойы аңсаған Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық ғұмырын атап өтуде. Маңыздылығы жағынан ғасырға бергісіз осы уақыт аралығында еліміз экономикалық тұрақтылықты сақтай отыра, әлемдік аренада өзінің көшбасшылық орнын тапты», – деді Арын Амангелдіұлы. 

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев ҚР Тәуелсіздігі күніне орай жоғары оқу орнының бірқатар  ғалымдары  мен  қызметкерлеріне 

«Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» «Ы. Алтынсарин» төсбелгілерімен және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен  марапаттады. Сонымен қатар, университет белсенділері Павлодар облыстық маслихатының Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Мұнымен қоса, үздік қызметкерлерге С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ректорының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табыс етілді.   

Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында гуманитарлық-педагогикалық факультеттің студенті Қазақстанның халық жазушысы Қалижан Бекқожин атындағы атаулы шәкіртақы иегері атанды.

Ал салтанатты кеште Мемлекеттік Сэнфорд саясат мектебінің (АҚШ, Дьюк университеті) профессоры Джозеф Тамм құрметті қонақ болды.

Концерт білім орданың жас ақындары Оразбек Саяхат, Байрон Мәрес пен Жұмаәлі Мизамның ел тәуелсіздігіне жыр арнауынан бастау алып,  әуезді ән салған әншілер мен мың бұралған бишілердің өнерлерімен жалғасын тапты. Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген әртісі Ербол Айтбаев, «Шаңырақ сазы» фольклорлық ансамблі, студенттік филармонияның әншісі Нұржан Сарқамбаев, «Джем» би студиясы, Павлодар облысының корей  этномәдени бірлестігінің «Аннен» ансамблінің орындауындағы әндер мен тамаша билері жиылған көпшіліктің көңілінен шықты.