С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер арасында волейболдан Ректор Кубогы өтті.

Спорттық шараның салтанатты ашылуында С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев ойынның әділ болатынына сенім білдіріп, спортшыларға жеңіс тіледі.

– Спортты деннің саулығын қамтасыз ететін құрал ретінде тану аздық етеді. Еліміздің лайықты азаматын әрі көшбасшы тұлғасын тәрбиелеу мақсатында спорттың тигізер ықпалы зор. Сондықтан спорт заманауи дәуірдегі салауатты өмір салтының маңызды бір бөлшегі, – деп айтты Арын Амангелдіұлы.  

Алғашқы допты университет басшысы Арын Өрсариевтің өзі лақтырып, ойын шымылдығын ашты. 

Жарысқа факультеттердің профессорлық-оқытушылар құрамынан  тұратын 8 команда қатысты. Ал жанкүйерлердің және Студенттік филармония әншілерінің қолдауы спортшылардың сенімін арттырып, жеңіске бір табан жақындата түсті. 

Тартысты бәйгеде С. Торайғыров атындағы ПМУ сәулет-құрылыс факультетінің оқытушылары құрамынан құралған команда жеңіс тұғырынан көрініп, Ректор Кубогына ие болды. Екінші орынды қанжығасына байлаған гуманитарлық-педагогикалық факультеттің командасы. Үшінші орын физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің спортшыларына бұйырды.  

Павлодар мемлекеттік университетінің «Сұңқар» спорттық клубының төрағасы Жаудат Аблеевтің мәлімдеуінше, ойын тартысты да тартымды өтіп, волейболшылар бар ынта-жігерімен жеңіске құштарлана талпынып ойнады.  

– Жалпы ойын барысында қатысушы спортшылардың көрсеткен техникалық-әдістік және шеберліктерінің жоғары көрсеткіші ойынның кәсіби деңгейде өткеніне дәлел бола алды. Ал бастысы ойыншылар  салауатты өмір  салтын ұстануды қолдайтынын және спортты шын сүйетінін білдірді, – деді Жаудат Шамильевич.    

С. Торайғыров атындағы ПМУ профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері  өздерінің сүйікті спорт түрімен айналысу арқылы  қоғамдағы спорттық белсенділіктің артуына өз үлестерін қосуда.