Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Қыз Жібек» клубы мүшелері «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты онлайн-конференцияға қатысты.

Бұл онлайн кездесу М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде  «Дін және әйел» атты республикалық форум аясында өтті. Айтулы шараға Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитеті, ҚР Білім және ғылым министрлігі   ұйытқы болды. 

Форумның негізгі мақсаты – әйел және ислам тақырыбын қоғамдық-саяси ғылымдар негізінде талқылау үшін пікір-талас алаңын ұйымдастыру, жастардың ислам діні негіздері туралы мағлұмат алуына және зайырлы қоғамның мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруға ықпал ету. 

Жобаға  еліміздің КР Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитеті «Дін мәселелрі жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығы», «Қазақстан Жазушылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері,  Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті және М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеттерінің «Қыз жібек» клубтары белсенділері қатысты.

Конференция барысында қатысушылар қоғамның дамуы мен рухани жаңғыруындағы әйелдердің рөлі, ислам және қазақ халқының ұлттық құндылықтары, исламдағы әйел-аналар мәртебесі мен рөлі, дін, қоғам және отбасылық құндылықтар тақырыптарында баяндамалар оқып, жарыс-сөздер ұйымдастырды. 

Отырыста  «Қыз Жібек» қыздар клубының  жетекшісі, С. Торайғыров атындағы ПМУ қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., профессор Айман Зейнулина «Қыз Жібек» клубтарының бір жыл бойғы жетістіктері мен табыстары, атқарған игі еңбектерінің нәтижелерін саралап, клубтың алдағы уақыттағы мақсат-мұраты туралы тұщымды ойлар айтты. 

– «Қыз Жібек» клубы студент қыздардың діни сауаттылығын арттыруға, салауатты өмір сүру салтын ұстануға, гендерлік саясат, болашақ ана денсаулығының маңыздылығы мен қыз тәрбиесіне қатысты дәрістер мен кездесулер өткізуге мұрындық болдық. Клуб мүшелері қоғамдық мәселелерге де бей-жай қарамай, тастанды балаларға барып, қарттар үйіндегі жалғыз басты қарияларымызға да қамқорлық танытты», – деп бір жыл бойғы клуб жұмысымен таныстырды клуб жеткшісі.  

Мұнымен қоса, Айман Файзоллақызы кездесу соңында «Қыз Жібек» қыздар клубының республикалық деңгейдегі жеке журналын шығаруды, ғылыми зерттеулер, телекөпір, республикалық және халықаралық конференцияларды ұйымдастыруды, «Бой тұмар» атты БАҚ өкілдерінің қатысуымен айына бір рет әр облыстарда сайыстар өткізіп тұру туралы ұсыныс білдірді.  

Ал С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттік филармония басшысы, клубтың үйлестірушісі Айнұр Әзімхан өз сөзінде «Қыз Жібек» клубы мүшелерінің өзара қарым-қатынасы тек онлайн түрінде шектеліп қалмай, клубтар арасында республикалық байқаулар өтіп, бір-бірімен жүздесу арқылы тәжірибе бөлісу қажеттігін сөзге тиек етті.  

 С. Торайғыров атындағы ПМУ «Қыз Жібек» қыздар клубы 2013 жылдың 13 қыркүйек күні қыздарға алғаш есігін ашты. «Қыз Жібек» қыздар клубы қоғамға пайдасы зор талай ізгі істердің басын қайырды. Клуб танымдық бағытта қазақ қыздарының салт-дәстүр, тіл, дін, ұлттық киім, ұлттық ас-мәзірі сынды құндылықтарды танытатын іс-шаралар мен жобаларды жүзеге асырып келеді.