С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде халықаралық Рухани келісім күніне орай «Толеранттылық – бейбітшілікке бастар жол» атты дөңгелек үстел өтті.

Бұл кездесудің мақсаты – этносаясатты, Қазақстан халықтарының рухани-мәдени ортақтығы негізіндегі толеранттылықты және этникааралық келісім мен қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыстарын насихаттаумен байланысты мәселелерді талқылау.

Шараға С. Торайғыров атындағы ПМУ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ұйытқы болды.

Дөңгелек үстел жұмысына этносаясат саласын зерттеп жүрген гуманитарлық-педагогикалық факультеттің оқытушылары мен студентері қатысты.

Қатысушылар жалпы Қазақстанның, өңірдің этникааралық қатынас саласындағы мемлекеттік саясаттың даму тенденциясының кемшін тұстарын талқылады. Айтулы мәселелерді талқылау барысында өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және этникааралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісін алдағы уақытта дамыту туралы ойлар айтылып, мәселенің шешілу жолдары сараланды.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д. Сәуле Мамытова Павлодар облысындағы ұлттар мен ұлыстар арасындағы келісімнің даму үрдісі және этникалық саясат төңірегінде әңгіме қозғады. Ол өз сөзінде аймақтағы ұлттар мен ұлыстар арасында берік татулық орнағанын сөзге тиек етті.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі этникааралық және конфессияаралық келісімді, татулық пен бірлікті нығайтушы көпір ретінде қызмет етіп келеді. Мұны біз өз өмірімізден көреміз. Бір шаңырақтың астында қаншама ұлттар тату тұрып, бір мұратқа жылжып барады. Бұл этносаясат еліміздің өркендеуіне ықпал ететіні сөзсіз, – деді Сәуле Мамытова.

Кездесу соңында дөңгелек үстелге қатысушылар резолюция қабылдады. Бұл құжат негізінде олар студенттік жастарға үндеу тастады: айналадағы адамдарға мейірімділік танытып, төзімділік көрсет, адамдарды сол қалпында қабылда және бір-біріңді құрметте, бір-біріңмен араласып, түсінуге талпын!