С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері Павлодар география үйі өкілдерімен кездесті.

«Павлодар география үйі» қоғамдық бірлестігінің директоры Александр Вервекин студенттер мен оқытушыларға ұйымның жұмысы туралы баяндап, қорларындағы экспонаттарымен таныстырды.

Павлодар география үйінің құнды жәдігерлері құрамында 2000-нан астам география және жер жүзінің табиғаты туралы әдебиеттер мен кітаптар, әлемнің 185 елінің табиғи әрі географиялық мерзімдік басылым жаңалықтары жиналған қорлар, фильмотека, саяси география, геоморфология, мәдениет географиясы, фольклор, био-географиялық үлгілер тағы сол сияқты дүниелер бар. Бұл экспонаттарды ұйым мүшелері экспедициялық сапарлар барысында тапқан, сондай-ақ, ұйым мүшелеріне жер жүзінің түкпір-түкпірінен естелік ретінде сыйға тартылған. География үйі басшысы Александр Вервекин өз сөзінде С. Торайғыров атындағы ПМУ студентері ғылими жобалар, курстық және дипломдық жұмыс жазу барысында ұсынылған материалдарды қолдана алатынын айтып өтті.

Александр Вервекиннің айтуынша, ынталы географтардың бастамасымен қоғамға, туған қала мен ел игілігіне пайдаға асып жатқан жобалар дүниеге келіп, көптеген тың экспедициялар жасалды.

– Павлодардың география үйі ресми 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Біздің ірі жобаларымыздың бірі – «Ертіс күні» мерекесі. Бұл күнді біз екі жыл қатарынан ұйымдастырып келеміз. Сонымен қатар, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Ерліктер географиясы» жобасын жүзеге асырдық. Белгілі бір қаланы азат етуге қатысқан ардагерлер жерлестерімізді тауып, сол қаланың мэрлеріне хат жаздық. Жауап ретінде олар ардагерлерге алғысын білдірген хат жолдады,– дейді география үйінің басшысы.

Айтулы қоғамдық ұйымның мақсаты – география саласы бойынша өңірдегі мәселелерді көтеру, жастарды қазақстандық патриотизм мен экологиялық мәдениетті бойларына сіңіру, экспедициялар ұйымдастыру, баспа шығару, семинарлар, ғылыми кездесулер, көрмелер және т.б. шараларға мұрындық болу.