С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің жас ғалымдары Сағыныш Нұркімбаев пен Ирина Чидунчи «Жас ғалым – 2015» облыстық байқауының жеңімпаздары атанды.

Байқауға түскен 23 жоба ішінен С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың магистранты мен докторанты үздіктер қатарынан көрінді. «Жас магистрант» номинациясы бойынша металлургия, машинажасау және көлік факультетінің 2 курс магистранты Сағыныш Нұркімбаев және «Жас Ph.D докторы» бағыты бойынша химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің 3 курс докторанты Ирина Чидунчи жеңімпаз атанды.

Жастарға қызмет ету орталығында өткен салтанатты марапаттау рәсімінде Павлодар облысы әкімінің орынбасары Ғани Сәдібеков жеңімпаздарды құттықтады. Ғани Сәдібеков өз сөзінде С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті 2015 жылы облыстың инновациялық саласына зор үлес қосқанын атап өтті.

– Өңіріміздің инновациялық жүйесін қалыптастыруға және ғылыми инновациялық жобалардың саласын дамытуда Павлодар мемлекеттік университеті ғалымдарының еңбегі өлшеусіз болды, – деді Ғани Қалыбайұлы.

Сонымен қатар, бұл кеште өткен ғылыми көрмеде Павлодар мемлекеттік университетінің үздік жобалары ұсынылды.

Көрмеде С. Торайғыров атындағы ПМУ ғылыми жобаларын таныстырған «Ертіс» ғылыми-технологиялық паркінің директоры Алексей Звонцовтың айтуынша, университетте ұлттық әлеуетті бағыттар бойынша белсенді технологиялық жобалар жасалуда әрі енгізілуде.

– Ұлттық басым бағыттарға сәйкес университеттің ғалымдары мен жас ғалымдары энергоүнемдеу, инфокоммуникация, машинажасау, темір бетонды бұйымдарды өндіру технологиясы, шаруашылық саласындағы өндірістік салалардың трансфармациялық механизмдерін ұйымдастырудың әлеуметтік-экономикалық аспектісі мен азық-түлік өндірісі салалары бойынша инновациялық-технологиялық жобаларды жасауда, – деді технопарк басшысы.