С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ЭКСПО – 2017 көрмесіне волонтерлерді дайындау орталығының студенттері республикалық волонтерлер дайындау мектебінің жұмысына қатысты.

Бұл шараның ұйымдастырушысы – «Астана ЭКСПО – 2017» АҚ мен «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ.

Мектеп өз жұмысын Астана қаласында өтетін ЭКСПО – 2017 халықаралық көрменің тұсау кесерінен бастады. Студенттер ЭКСПО көрмесінің тарихымен, халықаралық деңгейдегі және мемлекеттік беделдің қалыптасуындағы волонтерлік қызмет пен волонтерлердің әдеп кодексімен танысты.

Тұсау кесердегі студенттердің басты назарына ұсынғаны ЭКСПО – 2017 миссиясы болды. Жас еріктілердің мұраты: «Жер жаһанға еліміздің болашаққа зор әлеуетпен болашаққа ұмтылған, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлері мен бай мәдени мұрасы бар көпұлтты, көпконфессиялы мемлекет екенімізді таныту».

Сондай-ақ, мектеп жұмысы студенттерге күйзеліс жағдайындағы психоәлеуметтік көмек, топпен жұмыс жасау қабілеттерін бейімдеу бойынша семинар-тренингтер өткізумен жалғасын тапты.

Шараға қатысушылар танысу, командалық жұмыс жасау, топпен бірлікте болу, объктіні басқару сынды қабілеттерін ұштады.

Семинар жұмысының соңында қатысушыларға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі және «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ арнайы сертификаттарын табыс етті.