С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Рухани келісім күнін тойлау шеңберінде «Келісімге таным арқылы» атты викториналық байқау өтті.

Байқау С. Торайғыров атындағы ПМУ этносаралық және конфессияаралық үрдістерді зерттеудің аймақтық ғылыми-практикалық орталығы мен «Философия және әлеуметтік-гуманитарлы пәндер» кафедрасының ұйытқы болуымен өтті.

С. Торайғыров атындағы ПМУ этносаралық және конфессияаралық үрдістерді зерттеудің аймақтық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Нұржамал Тышқанованың айтуынша, байқау студенттік жастар арасында этноконфессиялық келісім және төзімділік мәдениетін нығайту, діни экстремизмге қарсы насихат жүргізуді мақсат тұтты.

Викториналық байқауда Павлодар мемлекеттік университеті факультеттерінен қатысқан командалар терминологиялық, заң білімі және ақпараттық-статистикалық бөлімдерінде этноконфессиялық үрдістер аясындағы білім деңгейлері бойынша студенттер білімдерін сынады. Содан кейін, әдеби-музыкалық және ақылдылар сайыстарында байқауға қатысушылар өз шығармашылық қабілеттері мен қырағылықтарын танытты. Қатысушылар ақылдылар жарысындағы «Біздің ұстаным» тапсырмасын орындау барысында заманауи әлемдегі экстремизм, терроризм және деструктивті дініи ағымдар сынды көкейкесті мәселелеріне өз үндерін қосты. Сонымен қатар, командалар жанкүйерлері де өнерден құр алақан еместігін көрсетті. Жанкүйерлер арасында өткен ән жарыста Қазақстанның бірегейлігі – этноконфессиялық бірлігі мен келісімін, өздерінің отансүйгіштіктігін әсерлі әрі айқын жеткізе білді.

Бірінші орынды сәулет-құрылыс факультетінің командасы еншілеп, Павлодар облысының «Полония» этномәдени бірлестігінің бәске тіккен қаржылай сыйлығына ие болды.

Ал екінші орын гуманитарлы-педагогикалық факультеттің командасына бұйырды. Үшінші дәрежелі марапатты мемлекеттік басқару, бизнес және құқық факультетінің тобы иеленді. Павлодар облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының жетекшісі Айнұр Сәрсенбаева екінші және үшінші орын жүлдегерлеріне Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыкалық-драма театры, А. Чехов атындағы драма театры мен Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармонияның абонементтерін сйылады. Сәулет-құрылыс факультетінің командасы «Көрермен көзайымы» жүлдесін Павлодар облысының дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Дәулет Закарияновтың қолынан алды.

Және де байқауда парасаты мен өнерімен көрерменді тәнті еткен белсенді жанкүйерлер де марапатталды. Викториналық байқауда «Ең белсенді факультет» атанған металлургия, машинажасау және көлік факультетін және «Ең белсенді студент жанкүйер» номинациясының иегері металлургия, машинажасау және көлік факультетінің бірінші курс студенті Абылайхан Сәрсенбаевты Павлодар облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ақпараттық-талдамалық қызмет, жастар бастамаларын үйлестіру және іске асыру бөлімі жетекшісі м.а. Жұлдыз Малдыбаева марапаттады.

Байқау соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етті. Сонымен бірге, әрбір қатысушыға «Арлан» ЖШС басшысы Н.М.Мазепа сыйлықтар берді.