С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Павлодар облысының экологиялық технологиялар жөніндегі құзырет орталығы ашылды.

Кездесуге мемлекеттік орган қызметкерлері, облыстық экологиялық кеңес мүшелері мен С. Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдары, студенттері қатысты.

Бұл орталық Павлодар облысы әкімі Қанат Бозымбаевтың бастамасымен әрі Павлодар облысының 2030 жылға дейінгі дамуының негізгі бағыттары стратегиясына сәйкес құрылып отыр.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Нұржан Әшімбетовтың айтуынша, орталықты құру барысында мамандар экологиялық мәселелерді шешуде тәжірибесі мол халықаралық ұйымдардың қызметін зерттеп, олардың халықаралық үлгісіне сүйенді.

– Жалпы орталықтың қызметі Павлодар облысы тұрғындарының денсаулығын жақсартуға бағытталған экологиялық мәселелерді шешуге, аймақтағы өндірістік кәсіпорындарға экологиялық мәселелерді шешу жолдарын ұсынуға бағытталып отыр, – деді әкім орынбасары.

Мұнымен қоса, орталықты құру кезінде мемлекеттік орган өкілдері, С. Торайғыров атындағы ПМУ және ИнЕУ ғалымдары мен облыстың қоғамдық бірлестіктері өкілдерінен құралған ұйымдастыру комитеті құрылды.

Кездесу барысында С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев аймағымыздың экологиялық мәселелерін шешуге университет ғалымдары өз ғылыми жобаларымен атсалысатын болады деп атап өтті.

– Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары ғылыми жобаларымен өңірдегі экологиялық мәселені шешіп қана қоймай, қаражат та табатын болады, – деді университет басшысы.

Экологиялық технологиялар жөніндегі құзырет орталығы экологиялық жобаларды басқаруда мол тәжірибесі бар халықаралық компаниялармен серіктес. Мәселен, «if-process» и «FiW» (Германия), мен «CleanTech» (Латвия) компанияларының эколог мамандарымен байланыста.

Сонымен қатар, орталық «Ертіс Инвест – 2015» халықаралық инвестициялық форумында орталық FiW, Германия су және қалдықтар менеджменті бойынша ғылыми-зерттеу институтымен өзара ынтымақтастықты дамыту және инвестиция тарту мақсатында меморандумға қол қойған болатын.