С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Қорының студенттік шәкіртақысы иегерлері атанды.

Байқау комиссиясының шешімімен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Қорының студенттік шәкіртақысы сарапқа түскен Республикалық байқауда Павлодар мемлекеттің университетінің студенттері – Айгүл Құлмағанбетова, Әділхан Қасымов, Алия Бояндинова мен Ерғали Буебаев жеңімпаз атанды.

С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттері екі іріктеу кезеңнен табысты өтіп, оқу жетістіктері, ғылыми мақалалары мен баяндамалары, шығармашылық байқаулардағы жеңістері сынды үздік көрсеткіштерімен шәкіртақыға үміткерлер арасынан оза шапты.

ҚР Тұңғыш Президенті Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев Қоры ұймдастырған бұл республикалық байқау оқуда үздік, қоғамдық өмірде белсенді, шығармашыл, ғылыммен айналысатын жастарды қолдауды мақсат тұтады.

Студенттердің бұл жетістігі С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің бәсекеге қабілетті білікті мамандарды даярлауда үздік екендіктерін көрсетіп қана қоймай, университетте студенттерге шығармашылық және ғылыми-зерттеу қабілеттерін дамытуға барынша жағдай жасалғанына дәлел болды.

Шәкіртақы иегері Әділхан Қасымовтың айтуынша, еліміздің жарқын болашағын білімді де дарынды жастар жасайды.

– Білімге құштар, белсенді өмірлік ұстанымы бар, заманауи қоғамның күрделі мәселелерін шешуге қабілет-қарымы ұшталған жастар ертеңгі күнге сеніммен жылжиды. Сондықтан, біз білімімізді әрдайым толықтырып, ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстармен айналысып, сондай-ақ, университеттің, аймағымыз бен еліміздің өміріне белсенді атсалысу арқылы кемел келешекке даңғыл саламыз, – деді Әділхан.

ҚР Тұңғыш Президенті Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев Қорының ұйымдастырумен өтетін жыл сайынғы республикалық студенттік шәкіртақы тағайындау байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі 2015 жылдың 29 қазан күні Алматы қаласында өтеді.