С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымы Дүкенбай Назымбек «Қазақстан ұстазы» қоғамдастығы 1 дәрежелі медалінің иегері атанды.

Назымбек Дүкенбай С. Торайғыров атындағы ПМУ «Орындаушылық өнер» кафедрасының профессоры, 250 әннің, 16 ғылыми мақаланың, 20-дан аса оқулық, оқу құралдары мен жинақтардың авторы.

Оның «Арқаның сырлы саздары» ән-күй жинағы (2 кітапша), «Музыкалық білім беру теориясы» атты оқу құралы, (қосалқы авторлық), «Музыкалық психология, музыкалық білім беру психологиясы, музыкалық іс-әрекет психологиясы» оқу құралы (қосалқы авторлық), «Педагог-музыканттың әдіснамалық мәдениеті» атты оқу құралы, (қосалқы авторлық), «Музыкальный казахский: изучаем казахский язык через тексты песен» (СД дисксімен), «Балаларға арналған әндер», «Балаларға базарлық» және басқа да еңбектері бар.

Назымбек Сәбитұлы Қазақстанның жоғары оқу орындары арасындағы «Үздік музыка мұғалімі» байқауының бас жүлде және «Жоғары оқу орнынынң оқытушысы» грантының иегері (2006 ж.), Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің мүшесі, Қазақстан халқы кіші ассамблеясының жанындағы «Ару ана» хорының негізін қалаушы әрі жетекшісі болды. Сондай-ақ, ол ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төс белгісімен, жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі табыстары үшін «Ыбырай Алтынсарин» белгісімен, университетке сіңірген зор еңбегі үшін «Сұлтанмахмұт Торайғыров» атындағы Алтын медалімен және «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен марапатталған.

Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушысы Назымбек Дүкенбайдың еңбегі «Қазақстан ұстазы» қоғамдастығымен бағаланды. Ол «Қазақстан ұстазы» қоғамдастығының 1 дәрежелі меделімен марапатталып, «Қазақстан ұстазы» энциклопедиясының мүшесі ретінде тіркелді.

Назымбек Дүкенбайдың айтуынша, бұл марапат оның 50 жылдық кәсібіи еңбегінің бағаланып жатқанының белгісі.

– «Қазақстан ұстазы» қауымдастығы табыстаған бұл медалдің мәртебесінен гөрі жауапкершілігі басым деп есептеймін. Марапат адамды одан әрі табысты еңбек ету үшін ынталндырып, шабыттандыра түседі. Сондықтан алдағы уақытта әлі талай атқарар еңбектер бар, – дейді Назымбек Сәбитұлы.