С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер арасында Ректор кубогы үшін мини футболдан жарыс өтті.

Бүгінгі мини футбол ойынына Ректор кубогы бәске тігілді. Сайысты техн.ғ.д., профессор, сәулет-құрылыс факультетінің деканы Марат Кудерин ашты. Ол өз сөзінде қатысушыларға жеңіс пен сәттілік тілеп, заманауи дәуірдегі салауатты өмір салтының маңыздылығын атап өтті.

Спорттық жарыс С. Торайғыров атындағы ПМУ-дің футбол алаңында мини футболдың жеңілдетілген ережелері бойынша өтті.

Мини футбол жарысына университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мен құрылымдық бөлім қызметкерлерінен құралған 11 команда қатысты.

Табанды бәйгеде металлургия, машинажасау және көлік факультетінің командасы оза шауып, жеңіс тұғырынан көрінді. Тартысты ойынымен көзге түскен гуманитарлық-педагогикалық факультетінің спортшылары екінші орынды қанжығасына байлады. Ал үшінші орынды университеттің әкімшілік шаруашылық бөлім футболшылары иеленді.

Жалпы ойын барысында қатысушы спортшылардың көрсеткен шеберліктерінің жоғары көрсеткіші ойынның кәсіби деңгейде өткеніне дәлел бола алды. Ал бастысы ойыншылар салауатты өмір салтын ұстануды қолдайтынын және спортты шын сүйетінін танытты.

«Сұңқар» спорттық клубының директоры Жәудәт Әблеевтің айтуы бойынша, университет қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылар құрамының спорттық ойындарды үздіксіз жүйелі түрде ойнауы денсаулығын шынықтырғаннан өзге, төзімділік, ептілік және қимыл-әрекеттер жасауда тапқырлық таныту қабілеттерін шыңдайды.

– Мини футболдан Ректор Кубогы ойындары жыл сайын дәстүрлі өтіп келеді. Жұмыс басты адам өз денсаулығына уақыт таба бермейді. Сондықтан, біз футбол сайысын өткізу арқылы университет қызметкерлерінің спортқа бір табан жақын болуына, денсаулығының мықты болуына жол салғымыз келді.