С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау аясында «Қазақ даласының ұлы тарихы» атты дөңгелек үстел өтті.

С. Бейсембаев атындағы ғылыми кітапханасының мұрындығымен өткен дөңгелек үстел жұмысы барысында Қазақ хандығының қалыптасу үрдісі, мемлекеттіліктің даму тарихы баяндалды. Қазақтың алғашқы хандары туралы ақпараттық таныстырылым көрсетіліп, Ұлы дала хандары мен Қазақ хандығына жырлар арналды. Кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар мемлекеттілігімзді, елдігімізді қорғап, жерімізді сақтау жолында жасалған ерліктіер туралы әдемі әңгіме өрбітті.

Бұл кездесу студенттердің тарихқа тағзым етіп, өткенге құрмет танытуына, ғасырлар бойына қалыптасқан қазақтың дәстүрі, мәдениеті мен қазыналы мұрасын танып-білуге жол салуды мұрат етті.

Дөңгелек үстел жұмысына университеттің студенттері Бәкіжан Кәкім, Еркежан Жақан, Сәулегүл Хошорбайқызы, Ақерке Емашханова белсене қатысты.

Кездесу барысында кітапханашы Алия Рүстемованың Қазақ хандығының тарихы бойынша библиографиялық шолу жасаған Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегі қызу талқыға салынды. Алия Рүстемованың айтуынша, «Тарихи-и Рашиди» еңбегі оқырмандарды Қазақ хандығының қалыптасуы туралы мәліметтерге қанық етеді.

Бұдан өзге, бұл кездесуде С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдарының Қазақстан тарихы, Қазақ мемлекетілігі туралы тарихи еңбектері сараланып, талқыланды. Мәселен, солардың ішінде т.ғ.д., профессор Қырықбай Алдабергеновтың «Қазақтың отарлану тарихы», «Патшалы Ресейдің Қазақстанды отарлау саясатының тарихынан (1731-1917)», Бір туар дара тұлғалар», өлкетанушы, тарихшы Тілеукен Инсебаевтың «Историческое прошлое кыпчаков Евразии», «Военное искусство кыпчаков в эпоху средневековья», және де университетіміздің ғалымдарымен құрастырылған «Көшпенділер» сериясы бойынша жарық көрген 4 томдық басылым кітапсүйер қауым назарына ұсынылды.

С. Торайғыров атындағы ПМУ студенті Кәкім Бәкіжанның айтуынша, оқу орданың кітапханасының қорындағы бұл еңбектер мен басқа да қазақ тарихына арқау болған кітаптар өз елінің тарихын тануға құнды қайнар көз болып табылады.

– Бұл еңбектердің қай қайсысы да Қазақстан тарихы пәнін игеру жолында көмекші құрал бола алады. Кітапхана қызметкерлері ұсынған кітаптар Қазақ хандығы туралы тарихи деректер мен қызықты мәліметтермен оқырманды жауап алары хақ.