С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде философия ғылымдарының кандидаты, профессор Шақанай Әбдірайымовтың «Абай жұмбақтығы – философиялық мәселе» кітабының тұсау кесері болды.

Кездесу барысында қонақтар назарына Шақанай Әбдірайымовтың еңбектеріне арналған «Дарынды тұлға, ұлағатты ұстаз» атты кітіп көрмесі ұсынылды.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев көпшілік алдындағы сөзінде терең тарихы, бай дәстүрі бар өңіріміздегі білімнің қара шаңырағында адал әрі табысты қызмет еткен тұлғалардың еңбектерін саралап шығуды парыз санағанын атап өтті. «Университетіміздің 55 жылдық тарихын саралап, оқу ордамыздың аймағымыздағы ірі білім-ғылым орталығына айналуына өз үлестерін қосқан тұлғалардың еңбегін атап өтпеуге болмас. Павлодар мемлекеттік университетінің дамуына септігін тигізген ғылым қайраткерлердің бірі – Шақанай Әміржанұлы. Оның еңбектері өкше басып келе жатқан ізбасарлары үшін ғана емес, жалпы ел ғылымына қосқан үлесі зор», – деді Арын Амангелдіұлы.

Бұл кездесуде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Асхат Күзеков, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Нұржан Әшімбетов сөз алып, айтулы еңбектің маңыздылығын аша түсті.

Содан кейін, кітап авторы Шақанай Әбдірайымовтың тағылымды өмірі мен қазыналы мұрасын баян еткен бейне фильм көрсетілді.

Шараның құрметті қонақтары Л.Н. Гумелев атындағы ЕҰУ профессоры, техн.ғ.д. Дәурен Ахметбаев, филос.ғ.д., Л.Н. Гумелев атындағы ЕҰУ профессоры Дәуренбек Әубәкір, «KEGOC» АҚ «Батыс ЖЭТ» филиалының директоры Төлеу Тұяқов, Экономика институтының директоры Жолгелді Шамшиев, э.ғ.д., профессор, ҚР жаратылыстану ғылымдарының Ұлттық академиясының академигі, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, көптеген танымдық-публицистикалық еңбектердің авторы, жазушы Кемел Мырзагелді, С. Торайғыров атындағы ПМУ металлургия, машинажасау және көлік факультетінің деканы, техн.ғ.к., профессор Төлеуғазы Тоқтағанов, С.Торайғыров атындағы ПМУ «Көлік техникасы және логистика» кафедрасының профессоры, техн.ғ.д. Амангелді Нұржауов Шақанай Әбдірайымовтың «Абай жұмбақтығы – философиялық мәселе» атты еңбегінің өзектілігі мен құндылығы туралы баяндап берді.

Кітап авторы филос.ғ.д., Л.Н. Гумелев атындағы ЕҰУ профессоры Дәуренбек Әубәкірдің айтуынша, Шақанай Әбдірайымовтың бұл еңбегінің болашақ ұрпақ игілігі үшін тәлімі мен тағылым мол. «Осы еңбекті өңдеп, жарыққа шығуына жол сал деп маған қолқа салғанын мәртебе санаймын. Өйткені, бұл еңбек – елімізге, кейінгі буынға қажет құнды мұра. Өз басым, бұл еңбекті Шәкең келешек ұрпақ үшін жазды деп есептеймін», – деді кітаптың авторы.

Шақанай Әбдрайымұлы Павлодар облысы Баянауыл ауданының тумасы. Ол 1963 жылдан 1992 жылдар аралығында Павлодар индустриалды институтында (қазіргі С. Торайғыров атындағы ПМУ) табысты қызмет етті. 1966-1969 жылдары ҚазҰМУ философия кафедрасында аспирантуралық білім алады. Ал 1971 жылы философия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі, 1974 жылы доцент ғылыми атағы беріледі. 1969-1972 жылдары павлодар индустриалды институттың философия кафедрасында аға оқытушы, 1973-1985 жылдары философия кафедрасының меңгерушісі, ал 1987-1988 жылдар аралығында индустриалды институттың партия комитетінің хатшысы қызметін атқарады.

Кеш соңында Шақанай Әлімжанұлының қызы Райхан Әбдірайымова мен күйеу баласы «KEGOC» АҚ «Батыс ЖЭТ» филиалының директоры Төлеу Тұяқов жиналған қауымға алғысын білдіріп, әкесі туралы жылы естеліктерімен бөлісті.