Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ғылыми зерттеулердің әдіснамасы және әдістемесі мәселелері бойынша техникалық, гуманитарлық және жаратылыстану циклдерінің бірінші курс докторанттары мен магистранттарына арналған семинарлар өтті.

Семинар жұмыстарына Ғылым және инновация департаменті мұрындық болды.

Семинарды профессор, б.ғ.д. Шолпан Жумадина, қауымдастырылған профессор, филос.ғ.к. Майра Кожамжарова, қауымдастырылған профессор, техн.ғ.к. Алексей Богомолов жүргізді.

Семинар барысында білім алушылар ғылыми-зерттеу қызметіне қажетті құзыреттерге дағдыланудың негізгі мақсаттары мен міндеттерін қарастырды. Дәріскерлер отандық және шетелдік ғалымдардың зерттеу нәтижелерін жиынтықтау және сын көзімен бағалау, келешекті бағыттарды анықтау, зерттеулердің бағдарламасын жасау, таңдалған зерттеу тақырыбының маңыздылығын, теориялық және тәжірибелік мәнділігін негіздеу, ғылыми-зерттеу жұмысының жоспарына сәйкес дербес зерттеу жүргізу, мақала немесе баяндама түрінде зерттеулерінің нәтижелерін ғылыми қауымдастыққа ұсынудың жолдарын талқылады.

Семинарға қатысушылар талқыланған мәселелерге қызығушылық танытып, диссертация жазудың қазіргі әдістерін игерді, маңыздылығы мен анық пайдасын бағалады.

Агротехнологиялық факультеттің магистранты Виктория Даеваның айтуынша, семинарда ғылыми жұмыспен айналысуды көздеген әркім өзіне қажеттісін ала білді. «Профессор Шолпан Молдажанқызы магистерлік диссертация жазудың маңызды жақтарын жан-жақты түсіндірді, сонымен бірге, тәжірибелік жағынан жеткілікті көрнекі мысал келтірді. Семинарға қатысқаныма өкінбеймін, өйткені көп пайдалы жаңалықтарды білдім».

Ал гуманитарлық-педагогикалық факультеттің магистранты Замира Жашенова мәлімдегендей, профессор Майра Кожамжарова дәрісінде компиляция және шығармашылық ұрлау мәселелеріне ерекше назар аударып, зерттеу жұмысының жобасына бағыт берді. Семинар барысында магистранттар диссертациялық зерттеу бойынша туындаған сұрақтарына жауап алды.

Сондай-ақ, Алексей Богомоловтың дәрісіне қатысқан энергетикалық факультеттің магистранты Асқар Ахметшаихов дәріскердің техника мамандығы бойынша ғылыми зерттеулердің ерекшеліктеріне мән бергендігін айтады. «Профессор Алексей Богомолов техника саласындағы ғылыми зерттеулерді жүргізу әдістемесі бойынша нақты кеңес берді. Семинардан диссертация жазудағы ортақ мәселелер бойынша көп сұрақтарға анық жауап алдым. Семинар жанды және қызықты өтті», – деді семинарға қатысушы.