С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті жоғары оқу орындарын қолдау және дамыту бағдарламасы аясында DF/PD сандық және үздіксіз өндіріс департаментінің Industry секторының SIEMENS компаниясымен өзара ынтымақтастық туралы келісім-шартқа қол қойды.

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Өрсариев «Сименс» ЖШС-нің аймақтық өкілі Данис Набиуллинмен кездесті. Кездесу барысында екі жақтың ынтымақтастық пен бірлесіп атқаратын жұмыстары жайлы сөз болды. Соның ішінде энергетика саласында жүзеге асырылатын жүйелі жұмыстар мәселелері талқыланды.

Аталмыш келісім-шарт негізінде SIEMENS компаниясы университетке қажетті жабдықтар ұсынатын болады. Университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы SIEMENS концерні шығаратын жаңа технологияларды студенттерге таныстыру мақсатында компания шығарып жатқан жаңа технологиялар бойынша ұйымдастырылатын вебинарлар мен тәжірибелік семинарларға қатысатын болады. Университеттің оқу бағдарламасы аясында тәжірибелік семинарлар, арнайы дәрістер, ашық сабақтар мен жаңа жабдықтардың презентациясы да өткізілетін болады.

Сонымен қатар, компания өткізетін курстарға университетіміздің бірнеше қызметкері қатысып, біліктілігін арттыру мүмкіндігіне ие бола алады.

Қазіргі таңда SIEMENS компаниясы энергетика және автоматтандыру салалары бойынша әлемдік көшбасшылар қатарында. Қазақстан нарығына келгелі компания аймағымыздың жетекші кәсіпорындарымен серіктестік орнатты. Соның ішінде «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ, «Павлодарэнерго» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-мен көп жылдардан бері табысты еңбек етіп келеді. Компанияның жетекші мамандарының дәрісін тыңдаумен қатар студенттердің SIEMENS компаниясының аймақтық кеңсесінде тәжірибеден өту және өнеркәсіптік үдерістерін автоматтандыру бойынша нақты жобаларды жасауға қатысу мүмкіндіктері бар.