С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде оқу орданың 55 жылдығына арналған «VII Торайғыров оқулары. Павлодар облысындағы тұрмыс сапасы. Жағдайы мен келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев өз сөзінде университет қабырғасында жыл сайын өтетін конференцияға жүктелетін жауапкершлік турасында сөз қозғады. «Біз Алаштың баласы» деп ұран салған тұлға өз ұлтының рухани көшбасшысына өткен ғасырда айналғаны ақиқат. Баршамызға білім ордамыз өшпестей рухани қазына қалдырған тұлғаның есімімен аталғаны – тек қана зор мәртебе емес. Бұл – үлкен жауапкершілігіміз», – деді Арын Амангелдіұлы.

Содан кейін, конференцияның құрметті қонағы Мемлекеттік Сэнфорд саясат мектебінің (АҚШ, Дьюк университеті) профессоры Джозеф Тамм қос дипломды білім алудың артықшылығы турасында баяндап, жоғары оқу орындар арасындағы қос дипломды білім беру бағыты бойынша әріптестік байланыстар жоспарда барын атап өтті.

Брунел университетінің (Ұлыбритания) PhD докторы Абрахам Алтонаян ғылыми зерттеулер мен инновациялар саласындағы байланысты орнатуды мақсат еткен екі ел арасындағы «Ньютон – Әл-фараби» әріптестік бағдарламасының аясындағы әріптестік байланыс туралы мәлімдеді. Бұл әріптестік аясындағы жоба қоршаған ортаның жағдайы мен оның адам денсаулығына әсерін зерттеуге бағытталып отыр. Химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің деканы, б.ғ.д., профессор Қанат Ахметовтың айтуынша, бұл зерттеу жұмысына материалдар еркін кеңістікте орналасқан жерлерден алынады. Зерттеу жұмысы барысында жобаның ғылыми тобы қоршаған ортаның жағдайы мен адамның белгілі бір ауруларға шалдығу жиілігін салыстырады. Нәтижесінде, зерттеу тобы қоршаған ортаның экологиялық жағдайын жақсарту арқылы нақты қорытынды жасап, адам денсаулығын қалпына келтірудің кемелді амалдарын жасайды.

Мұнымен қоса, конференцияның құрметті қонақтары Эстерхази Карой университетінің (Венгрия) экономика және әлеуметтік ғылымдар факультеті деканы, PhD докторы, туризм кафедрасының профессоры Лорант Давид, техн.ғ.д., профессор, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Александр Кувалдин (Мәскеу энергетикалық институты), Көлік және коммуникациялар ҒЗИ президенті Мұрат Бекмағамбетов, Павлодар облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Арман Шарбанов ғылымдағы және өңірдегі жаңалықтар мен көкейкесті мәселелерді қозғады. Сондай-ақ, С. Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдары өз салаларындағы өзекті мәселелерге арқау болған баяндамаларын көпшілік назарына ұсынды.

Пленарлық жиыннан кейін, қонақтар «С. Торайғыров – қазақ поэзиясының жарық жұлдызы» атты кітап көрмесін тамашалап, оқу орданың мұражай кешені, С. Бейсембаев атындағы ғылыми кітапхана, оқу және ғылыми зертханалар мен Технопарк жұмысымен танысты.

Одан әрі конференция жұмысы секциялық отырыстарда жалғасын тапты. Секция бөлімдерінде өнеркәсіп және қазіргі ғылымдағы түрлі салалардың өзекті мәселелері қарастырылды.