С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Жастар ісі жөніндегі комитетінің белсенділері Ұстаздар күніне орай флэшмоб өткізді.

С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері Ұстаздар мерекесіне орай білім ордамыздың ұстаздар қауымын ерекше құттықтады. Бір топ жалынды жастарымыз университет фойесінде күтпеген жерден ырғақты би – флешмобты ұсынды. Жастардың биін тамашалауға университет оқытушылары, студенттері мен қызметкерлері келді. Студенттер біркелкі қимылдары арқылы көрермендер көңілінен шыға білді. Күтпеген жерден басталып кеткен би сабақтың жайын ойлап жүрген оқытушылар мен студенттерге бір сәт көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ұстаздарға арналған флешмоб С. Торайғыров атындағы ПМУ жастар ісі жөніндегі комитеттің ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Би соңында студенттер өздерінің ұстаздар қауымына ізгі тілектерін айтып, естелік фотосуретке түсіп тарқасты. «Ұстаз есімі қашанда ардақты әрі биік. Сондықтан олардың кәсіби мерекесінде өз тарапымыздан ыстық ықыласымызды бимен жеткізгіміз келді», – деді С. Торайғыров атындағы ПМУ жастар ісі жөніндегі комитетінің төрайымы Ақбота Сарыбай.