2015 жылғы облыстық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жазғы маусымының салтанатты жабылуында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Жасыл ел» еңбек жасағы үздік деп танылды.

Жабылу салтанатына Павлодар облысы бойынша «Жасыл Ел» еңбек жасақтарының құрылыс және жастар жасақтары қатысты.

Жастар арасындағы еңбек маусымы маусым айы мен тамыз айлары аралығында өткен болатын. Қаламыздың жоғары оқу орындары мен колледж студенттері және мектеп, лицей оқушылары жаз бойы тынбай еңбек етті. Жасылелдіктер қала көшелерін күл-қоқыстан тазалап, ағаш отырғызу, өзен бойын санитарлық тазалау жұмыстарына белсене араласады.

Мерекелік шарада студенттер мен оқушылардың жаз айларында атқарылған жұмыстарына қорытынды жасалып, құрылыс жасақтарының жетекшілері тарапынан баға берілді. Бұл күні үш ай бойы қаланың көркеюіне белсене атсалысқан, ептілігі мен еңбекқорлығымен көзге түскен жастар марапатталды. Ең үздік еңбек атқарған жастарға дипломдар мен сертификаттар табысталды әрі бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сонымен қатар, аймағымыздың жоғары оқу орындары, колледж студенттері арасында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері «Үздік жасақ» танылып, оларға аталмыш номинация бойынша диплом табысталды. Ал Павлодар мемлекеттік университетінің гуманитарлық-педагогикалық факультетінің студенті Бексұлтан Қабышев «Экологиялық жасақтың үздік командирі – 2015» атанып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал «Құрылыс жасағының үздік сарбазы» болып С. Торайғыров атындағы ПМУ металлургия, машинажасау және көлік факультетінің студенті Камел Марпуға танылды.

Бексұлтанның айтуынша, жазғы еңбек маусымы студенттер мен оқушылар үшін аса пайдалы болды.

«Жасыл Ел» еңбек жасағында еңбек ету жастарды экологиялық тәрбие мен еңбек-сүйгіштікке баулып, отансүйгіштікке, тазалыққа тәрбиелейді. Сондай-ақ жастар осылайша еңбек ету арқылы қалалары мен ауылдарының көркеюіне өз үлестерін қосып қана қоймай, жаз бойы қаржылай да табыс таба алады, – дейді Бексұлтан.