С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Жастар ісі жөніндегі комитетінің белсенділері студенттік өзін-өзі басқару аясында Павлодар ауданының Шақат ауылындағы отбасылық үлгідегі Шақат балалар үйіне барды.

Университеттің жастар ісі жөніндегі комитетінің белсенділері Шақат балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерге барып қайтты. Кездесу барысында С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттері балаларға түрлі ойындар ойнатып, тренингтер өткізді.

Ойындар мен тренингтердің басты мақсаты – балалардың көңіл-күйін көтеру, олармен жақын танысу және балалардың бір-біріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру.

Сонымен бірге, жастар балалар үйінің жөңдеу жұмыстарына да белсенді түрде көмек көрсетті. Жөңдеу жұмыстары кезінде қыздар қауымы бояумен қақпаны ақтап, бау-бақшадағы жұмыстарды атқарды. Ал ер балалар үйдің төбесін жөңдеді. Жастардың атқарған жұмыстарына дән риза болған балалар үйінің басшысы, қызметкерлер мен сонда тұрып жатқан балалар алғыстарын білдіріп, жастармен тағы бір кездесуді асыға күтетіндерін жеткізді.

Жұмыс күнінің соңында Павлодар мемлекеттік университетінің жастар ісі жөніндегі комитет белсенділері өз қолдарымен жасаған сыйлықтарын балаларға тарту етіп, олармен естелік суретке түсті.

С. Торайғыров атындағы ПМУ жастар ісі жөніндегі комитетінің төрайымы Ақбота Сарыбайдың айтуынша, мұндай шараларды комитет белсенділері бірнеше рет өткізген әрі бұл шаралар балалар үшін өте маңызды.

– Университеттің белсенді жастары ретінде біз қашанда қамқорлыққа мұқтаж жандарға жәрдемдесуіміз қажет. Ал бүгінгі біз барған балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндер біздің қолдауға қатты қуанды. Әрбір осындай қуанышты сәттер оларды бақытқа бөлейді, – деп ағынан жарылды комитет төрайымы.