С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасы халықаралық аудармашылар күніне орай тілмаштар байқауын қорытындылады.

Өздерінің кәсіби мерекесінде кафедра оқытушылары мен студенттері тамаша мереке ұйымдастырып қана қоймай, кәсіби біліктіліктерін де шыңдады.

Байқауға америкалық автор Пол Дойчманның көркем туындысы арқау болды. Білігір аудармашылар додасында екінші курс студені Камила Шайхисламова бірінші орынды иеленді. Ал күміс жүлдені АІ-301 тобының студенттері Меруерт Исина мен Анел Хасенова өзара бөлісті. Ал үшінші орын Арайлым Камалбековаға бұйырды.

Бұл байқау осымен төртінші жыл қатарынан өтуде. Жас аудармашылар сайысынан іріктеліп алынған үздіктер республикалық олимпиадада бақтарын сынайды. Кафедраның студенттері жыл сайын республикалық байқауларда С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің намысын табысты қорғап, әрдайым қанжығаларын бос алып келген емес.

«Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. Галина Демисинова өз сөзінде университет ішілік байқаулар республикалық, халықаралық додаларға үлкен дайындық екенін атап өтті.

– Бәрінен де жұмыс берушіліердің біздің түлектерді кәсіби маман ретінде мойындауы университет үшін зор жетістік. Бұл дегеніміз – біздің түлектер еңбек нарығында сұранысқа ие және заманауи талаптарға жауап бере алады деген сөз, – деді Галина Хатиповна.

Екінші орын иегері Анел Хасенованың айтуынша, кәсіби аудармашы болу үшін тек тілді білу аздық етеді.

– Сапалы аударма жасау үшін автордың мәтінін сезіну, оның төл тілдегі эмоциялық бояуларын қанық етіп жеткізу, жалпы айтқанда, жаныңды сол еңбекке салуың керек. Сондықтан, аудармашылық еңбек – үлкен жауапкершілікті талап ететін ауыр да маңызды кәсіп, – деді Анел.