2015 жылдың 28 қыркүйек күні С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне іс-сапармен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов келді.

Аслан Сәрінжіпов С. Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдарының, студенттер мен магистранттардың стартап-жобаларымен танысты. Министр өнертапқыштардың ет өңдеу, энергетика, ауылшаруашылық, жел энергиясы, кен өңдіру, егін шаруашылығы, т.б. салалардағы жасаған жаңалықтарына қанық болды.

Сонымен бірге, министр Силикон алқабы мен С. Торайғыров атындағы ПМУ арасында онлайн режимде өткен вебинарға қатысты. Вебинар жұмысын Силикон алқабының (Калифорния штатының Санта-Круз қаласы) жетекші маманы Алексей Крол өткізді.

Сондай-ақ, Аслан Бәкенұлы Павлодар мемлекеттік университетінің «Ертіс» технопаркін аралап, білім орданың ғалымдарының қолынан шыққан ғылыми жобаларға оң баға берді. Және де министр университет қабырғасындағы «ТДЖҰА» АҚ ақпараттық орталығының жұмысымен таныс болды.

Аслан Сәрінжіповтің сапары барысында С. Торайғыров атындағы ПМУ академиялық жұмыс жөніндегі жаңа проректорды жария етті. Академиялық жұмыс жөніндегі проректор болып филос.ғ.к., халықаралық «Болашақ» стипендиясының түлегі Гауһар Ахметова тағайындалды. Ол 2005-2015 жылдар аралығында Павлодар мемлекеттік университетінің философия және әлеуметтік-гуманитарлы пәндер кафедрасның меңгерушісі болып қызмет еткен болатын.

ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің айтуынша, С.Торайғыров атындағы ПМУ ел экономикасына қажетті мамандарды даярлап келеді. «Қазіргі таңда беделді университет атану үшін жаңа дәуірдің ағымына ілесуің тиіс. Ал Павлодар мемлекеттік университеті ҮИИД МБ жобасы бойынша жұмыс жасап жатқан жоғары оқу орны. Бұл бағдарлама университетті жаңа халықаралық белеске жетелейді», – деді Аслан Бәкенұлы.

Тағы да, министр С. Торайғыров атындағы ПМУ «Болашақ» орталығының жұмысымен танысып, Қазақстанның солтүстік өңірлеріндегі «Болашақ» халықаралық стипендиясы түлектерімен бейресми кездесу (Informal Networking Conference) өткізді.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасындағы білімді жаңғырту мәселелері» тақырыбы аясында өткен кездесуге «Болашақ» бағдарламасының 70 түлегі, ҚР БҒМ, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ, БАҚ өкілдері, оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер қатысты.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев өз сөзінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған түлектердің өңірде сәтті қызмет етіп, ел дамуына зор септігін тигізіп жатқанын атап өтті. «Бүгінде Павлодар облысы бойынша 130, ал Павлодар мемлекеттік университетінде 40-тан астам түлектер табысты еңбек етуде», – деді Арын Амангелдіұлы.

Бейресми кездесуде қатысушылар білім мен ғылымның өзекті мәселелерін талқылап, еркін ой бөлісіп және сараптамалық бағалау нысанындағы ашық диалог алаңын орнатты. Сондай-ақ, шарада «Болашақ» стипендиясы арқылы кадрлар даярлаудың отандық жүйесін дамыту мүмкіншіліктері туралы және 2020 жылға дейінгі стипендияны дамыту жоспары, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын іске асырудағы «Болашақ» бағдарламасының рөлі талқыланды.

Бұдан өзге, «Болашақ» стипендиясының түлектері ҚР Білім және ғылым министрінің өз аузынан мазалаған сұрақтарына жауап алды. Түлектер жұмысқа орналасу, жаңа оқу бағдарламаларын жүзеге асыру, ауылдың білім беру саласының жағдайы, басқа да білім мен ғылым бағытындағы жаңа жобалар, жоғары оқу орындарының автономдық басқаруға өтуі, педагогикалық білім мен ұстаздардың мәртебісі турасында егжей-тегжейлі әңгімелесті.

Бұл кездесу Аслан Сәрінжіповтің халықаралық «Болашақ» стипендиясы түлектерімен Informal Networking Conference форматында өткен үшінші кездесуі. Бірінші кездесу 2014 жылғы ақпанда «Назарбаев Университеті» ДББҰ-да, екіншісі 2014 жылғы маусымда М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен болатын.

Мұнымен қоса, Аслан Сәрінжіпов Павлодар мемлекеттік университетінің салынып жатқан 500 орындық жатақханасының құрлысымен танысты.

Руфина Торпищеваның фотосы