С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің этносаралық және конфессияаралық үрдістерді зерттеудің аймақтық ғылыми-практикалық орталығы студенттер мен магистранттар арасындағы дінтанулық сауаттылықты жетілдіру мәселелеріне жан-жақты көңіл бөліп, тиімді де танымды шараларды жүзеге асырып келеді.

Орталық 2011 жылдың қараша айынан бері Қазақстан Республикасының ұлттық бірегейлігін күшейтуге, этносаралық қатынастарды және толерантты сана-сезім мен конфессияаралық келісімді дамытуға ықпал етуіне бағытталған талай-талай игі істердің басын қайырды. Бұл орайда университет жанынан құрылған этносаралық және конфессияаралық үрдістерді зерттеудің аймақтық ғылыми-практикалық орталығының үлесі зор. Өз ісінің маманы Нұржамал Тышқанова басқаратын бұл орталық студенттер арасындағы дінтанулық сауаттылықты арттыруды басты назарға алып келеді.

– Орталық қызметі магистранттар мен студенттерді ғылыми ізденіске тартуға, ғылыми әдебиеттермен және әр түрлі интернет-ресурстармен жұмыс жасауды үйрену дағдысын дамытуға, PR технологиялардың негіздерінде ғылыми мақалаларды жариялауға, студенттердің этноконфессиялық тақырыптарда жасаған жобаларын жүзеге асыру ынталарын арттыруға бағытталған, – деп орталық жұмысының негізгі бағыттарына тоқталды Нұржамал Сағадатқызы.

Орталықтың жұмыс сандықшасында ҚР БҒМ «Қазақстандағы жаңа діни қозғалыстар» ғылыми-зерттеу жобасы, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, онлайн тәртіпте семинарлар, «Білім+» ақпараттық-ағартушылық жобасы, «rukhanialem» ішікі жоғары оқу орнының сайты, Рухани келісім күнінің 20 жылдығына арналған университеттік «Білік» газетінің арнайы басылымы және «Білік» газетінің «Сырсандық» айдарында тұрақты түрде орталықтың атқарған жұмыстары мен танымдық, тағылымдық материалдар жарияланып тұруы сынды жұмыстар бар.

Жалпы орталық қызметкерлері тарапынан іске асқан «Жаңа діни қозғалыстар және Қазақстанның қауіпсіздігі: жастар көзқарасы» атты ғылыми студенттік конференция, «Қазақстан жасасын! Елбасы жасасын!» викториналық концерті, Халықаралық толеранттылық күніне арналған байқау, «Жаңа қазақстандық патриотизм: жастар көзқарасы» дөңгелек үстелі, пікірталас жарыстары, диалог алаңдары және тағы басқалары студенттерді этникааралық қатынастарда үйлестіруге, этноконфессиялық келісімнің қазақстандық үлгісін нығайту мәселесінде патриоттық сезімді қалыптастыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ, С. Торайғыров атындағы ПМУ «Білік» газетінде жарияланатын «Сырсандық» айдарында студенттердің «Диалог алаңы», «Наедине с Законом» атты жеке айдарлары оқырман көзайымына айналды деп айтуға болады.

Ал орталықтың үлкен бір жобасы – «Білім+» көптеген студенттік жастар үшін өзін-өзі танытуға қолайлы мүмкіндік берді. Айтулы жоба аясында «Рухтандырушылықты, бейбітшілік пен келісімді нығайту ісінде қазіргі жастар» атты пікірталас жарысын, «Діни радикализмге, экстремизмге және лаңкестікке қарсы әрекеттің құқықтық механизмдері» диалогтық алаңын, «Жастар арасында этноконфессиялық толеранттылықты қалыптастыру бойынша студенттік белсенділер жұмысының түрлері мен әдістері» іскерлік ойыны мен «Отан неден басталады?» брей-рингі өтті.

Мұнымен қоса, орталықтың бастауымен авторлық топпен құралған «Rukhanialem» сайты этноконфессиялық бағыттағы сұрақтарға қызығушылық танытқандар үшін өзіндік ақпараттық-анықтамалық алаң болды. Осы сайтта орталықтың өткізген іс-шаралары туралы, фоторепортаждарды, алдағы болатын ғылыми-тәжірибелік және онлайн конференциялар туралы ақпараттық хабарламаларды табуға болады.

Кезекті оқу жылы аяқталды. Орталықтың ұжымы студент белсенділерімен бірге табысты еңбек етіп, жаңа 2015-2016 оқу жылына жұмыстың қызықты және табысты басты бағыттарын белгіледі.